Жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер жан-жақты көмек көрсетілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер жан-жақты көмек көрсетілуде

12.01.2022

Отандық кәсіпкерлер жаппай тәртіпсіздік кезінде шығын келген мемлекеттік мекемелерді, кәсіпкерлік нысандарды, инженерлік-инфрақұрылымды қалпына келтіруге мейлінше қолдау көрсетуде. Қазір әр өңірде бизнес өкілдері арнайы қор құрып, гуманитарлық көмек жинауда. Солардың бір парасын рет-ретімен тілшіміз Руслан Нұрланұлы шолып шығады.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысының кәсіпкерлері Алматы және өзге өңірлерде басбұзарлардың кесірінен шығынға ұшыраған мемлекеттік мекемелерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне көмектесуге әзір. Олар құрылыс материалдары мен азық-түлікті, қаржыны бір қорға жинауда. Тіпті қажет болса жұмыс күшін де жібереді. Бұған қоса зардап шеккендерге арнап қан да тапсырды.

Ермек Әбілдин, облыстық Кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы:

Кәсіпкерлердің тарапынан ынта болып отыр. Қаржылай немесе құрылыс материалдары жағынан көмек жасайды. Көптеген құрылыс компаниясы асар жасауға да дайын.

Жамбыл облысы

Таразда жаппай тәртіпсіздік кезінде басбұзарлар қиратып, шығын келтірген 6 нысанда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жұдырықтай жұмылған кәсіпкерлер облыстық әкімдік ғимаратын қайта қалыпқа келтіру үшін қажетті техника бөлген. Енді бір кәсіпорын кафельге арналған 1,5 тонна желімді тегін берген. Бұған қоса бизнес өкілдері жұмысшыларға, полицейлер мен әскерилерге ыстық тамақ таратуда.

Марина Қарбалаева, аспаз:

Біз демалыста болсақ та, бүгін жұмысқа шығып, ел тыныштығын сақтап отырған әскерилерге барынша қолдау көрсету мақсатында ас әзірлеп таратып жатырмыз. Күшіміз бірлікте дегендей, біз бірге болсақ, кез келген қиын күнді жеңеміз. Бүгін 100 адамға тағам дайындадық, мәзірде бауырсақта бар, яғни нан - ол жақсылықтың белгісі.

Семей

Ал Семейде «Халық сақшысы» жасағы құрылды. Олар қазіргідей қиын кезеңде құқық қорғау органдарына көмек көрсетуде. Олардың қатырында мектептердегі бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, студенттер мен қоғам белсенділері бар. Қазір қалада 100-ден астам жасақ мүшелері жұмыс атқарып жатыр.

Талғат Тұрсынханов, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

Біз де «Халық жасағын» құрып отырмыз. Мұнда айтарымыз, ең алдымен, мемлекетіміздің тыныштығы керек, халқымыздың тыныштығы керек. Өсіп келе жатқан жастар мен жасөспірімдерден жат пығылдарға еріп кетпей, тыныштықты сақтауды өтінеміз және қала халқына айтарымыз да сол.

Кәсіпкерлер мен белсенділер ел басына түскен қиындықты жұмыла еңсермек.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу