Атырау облысы «қызыл» аймаққа өтті. Айналасы екі күннің ішінде 236 тұрғын коронавируске шалдығып, науқастар саны күрт артты.
Жандос Темірғали, тілші:
Жағдай, әсіресе қалада ушығып барады. Кеше 97, ал бүгін 139 адамнан індет анықталды. 111-і орталықтан тіркелді. Теңіз кен орнында да эпидахуал нашарлап кетті. Өткен тәулікте 29 жұмысшы Covid-ке шалдықты. Қазір 190 адам үй жағдайында, модульдік ауруханада - 142, аудандық инфекциялық стационарларда – 17 емделіп жатыр. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда - 126 науқас ем алуда. 8 пациенттің жағдайы ауыр. Соңғы ақпарат бойынша облыс тұрғындарының 11 мыңы қайта вакциналаудан өткен. Бас санитар ахуалға байланысты жуық арада өңірде карантиндік шектеулер енгізетінін жеткізді.