«Қазақстан халқына» қорының қаржысы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдауға жұмсалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан халқына» қорының қаржысы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдауға жұмсалады

12.01.2022

«Қазақстан халқына» қорының қаржысы әлеуметтік, мәдени қызметтің түрлі бағытын, сондай-ақ, тәртіпсіздік салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдауға жұмсалады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Сондай-ақ, жақын арада халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді. Ол үшін мұнай өнімдерін өндірушілер мен жеткізушілер тізбегінен маржаның бір бөлігі алынады. Шекті бағалар тетігі де қайта қаралады. Қажет болған жағдайда экспорттық шектеу жөніндегі іс-шаралар уақтылы қабылданады.

Қазірдің өзінде мал мен көкөніс экспортына тыйым салынған. Ерболат Досаев елден заңсыз жолмен ақша шығаруға қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да айтты. Оның сөзінше, 10 қаңтарда елден заңсыз ақша шығаруды бақылауды күшейту бойынша бұйрық қабылданған.

Оған сәйкес, көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда заңсыз ақша шығару операциялары жедел тоқтатылады. Сондай-ақ, Премьер-Министр қарулы күштердегі арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілерінің табысын арттыру, әскерді көлік авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруды тапсырды.


Хабарламаларға жазылу