Павлодар облысында 1555 адам ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында 1555 адам ұсталды

12.01.2022

Павлодар облысында 1555 адам ұсталды. Олар жиын кезінде тәртіпсіздікке жол берген және коменданттық сағат тәртібін бұзғандар. Күдікке ілінгендерді қандай жаза күтіп тұр?

Болат Аманбаев, тілші:

Алдымен ұсталғандар саны неліктен көп екенін айтып берейін. 1,5 мыңнан астам адамның 700-ге жуығы коменданттық тәртіпті бұзғандар. Олардың 350-і түнгі уақытта көлікпен көшеде жүргендер. Ол автокөліктер айыптұрағына қойылды. Негізі, Павлодар қаласында ғана емес, адамдар Екібастұзда және Баянауыл ауданында жиналған. Қазіргі уақытта полиция сондағы барлық бейнежазбаларды зерттеп, куәгерлермен жұмыс жүргізді. Алаңға адам жинауға қатысы бар, елді дүрліктіргісі келіп, бейбастақтық танытқан, тіпті, оқыс әрекет жасауға шақырды-деген күдікке ілінген 870 адам жауапқа тартылды. Араларында Моңғолиядан келген 4 студент болған. Олар дереу еліне қуылды. Ал жергілікті азаматтарға қандай жаза қолданылғанын бүгін журналистерге облыс коменданты айтып берді.

Нұрлан Мәсімов, облыс коменданты:

327 адам 15 тәулікке дейін қамауға алынды. Барлық қамауға алынған азаматтар Павлодар қаласының арнайы мекемелеріне қамалды. 288 тәртіп бұзушының әрқайсысына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Болат Аманбаев, тілші:

Қазір өңірде жағдай тыныш. Бірақ полиция әлі де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жалға берілетін пәтерлер, бос қалған құрылыс нысандарында бөгде адамдардың болмауы жіті тексеріледі. Облысқа кіре беріс блок бекеттерінде 372 көлік кері қайтарылған. Аймақтағы ахуалды бақылауда ұстап алдағы эфирлерде ақпаратты жария етеміз.


Хабарламаларға жазылу