Террористік шабуыл кезінде жалған ақпарат таратқандарға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Террористік шабуыл кезінде жалған ақпарат таратқандарға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды

12.01.2022

Террористік шабуыл кезінде жалған ақпарат таратқандарға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Нұр-сұлтан қаласының коменданты айтты. Соңғы бір аптада елдегі жағдайға баланысты фейк ақпараттар көп. Анық-қанығын түсінбеген халық дәлелсіз хабарламаларды бір біріне жіберіп үлгерді. Қандай ақпараттар жалған? тілшіміз тарқатады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Интернет санаулы сағат қосылса да, жалған ақпарат таратып үлгеретіндер бар. Соңғы уақыттағы жағдайларға елеңдеп, қорқынышы сейілмеген жұрт хабарламалардың шын-өтірігін білмей әлек. Мәселен, 8 қаңтарда «Нұр-Сұлтан мен Алматыда коммуникациялар өшіріледі және суға у қосқан», деген ақпарат тараған. Алматы комендатурасы мен елорда әкімдігі мұны бірден теріске шығарды. Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Телефон байланысы тыңдалады, ал хабарламалар тексеріледі. Қазақстандықтар 8 қаңтарда осы ақпаратты бір-біріне таратып үлгерді. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұның фейк екенін мәлімдеді

Махат Садық, журналист:

Осы сын сағатта байқағанымыз қазақ қазаққа ғана керек. Осындай сындарлы сәтте анау боп қапты, мынау боп қапты деген сөзге, қауесеттерге ермеу керек. Мемлекеттілігімізді сақтап қалуға жұмыс істеуіміз керек. Анау боп қапты, мынау боп қапты деген өсек аяңға ерсек, әділ қоғам қалыптастыруға көп кедергі. Қазақ елі жақсылықты айтып, ұмтылса дами береді.

Белгісіз біреулер Алматы маңындағы әскери биозертхананы басып алды. 9 қаңтар тараған хабарламаны денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарып, нысан бақылауда екенін жеткізді. 2000 тәліб Нұр-Сұлтанға келеді. 9 қаңтарда пайдаланушылар осындай ақпарат таратты. Елордалық комендатура қауесетті бірден жоққа шығарды. Полиция болып киінген адамдар пәтерлерді тонауда. Бұл да елорда тұрғындарының үрейін алды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде полиция формасын киген белгісіз адамдар құжаттар тексеруді желеу етіп, пәтерлерге кіріп, тонайды деп жазды. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бұл қауесетті жоққа шығарды.

Ержан Сәденов, Нұр-Сұлтан қаласының коменданты:

Тек ресми ақпаратқа сеніңіздер. Жалған ақпарат тарату деректері тіркеліп отыр. Қазіргі таңда үш қылмыстық іс қозғалды. Осындай әрекеттерге барғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығыннан айырылу қарастырылған.

Telegram мессенджерінде пайдаланушылар елдегі төтенше жағдай режимі 24 қаңтарға дейін ұзартылды деп жазуда. Бұл да өтірік. Төтенше жағдай режимін ұзарту туралы ресми ақпарат болған жоқ. Алматыдағы ҰҚК қоймасынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер ұрланғаны туралы ақпарат таратылуда. Бұл да жалған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі ақпаратты жоққа шығарды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Ақпараттың ақ-қарасына көзіңіз жетпей жан-жаққа таратудың қажеті жоқ. жалған мәлімет үшін жаза бар екенін естеріңізге саламыз.


Хабарламаларға жазылу