Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде бүлікшілер өрт сөндірушілердің 5 көлігін өртеп жіберген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде бүлікшілер өрт сөндірушілердің 5 көлігін өртеп жіберген

11.01.2022

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде бүлікшілер өрт сөндіру қызметінің 6 көлігін тартып алған. Соның кесірінен отқа оранған қаншама нысанға дер кезінде көмек көрсетілмеді. Тіпті кейбір ғимараттар мен кәсіпкерлік нысандар тұтастай жанып кетті. Сондай-ақ бұзақылар өрт сөндірушілерді ұрып-соғып, кейбіреуін ауыр жарақаттаған. Төтенше жағдай кезінде құтқарушылар бұзақыларға қалай төтеп берді? Толығырақ тілшіміз Айнұр Мәулен баяндайды.
Айнұр Мәулен, тілші: 
Біз қазір Алматы қалалық ТЖД-ң мамандандырылған жасақ бөліміндеміз. Жалпы төңкеріс күндері департаментке тиесілі 19 көлік зардап шекті. Оның алтауы қолды болды, 1-еуі ғана қайтарылды. Ал 5 көлік өздеріңіз көріп тұрғандай толықтай өртеніп кеткен.
Қиратылған көліктер былтыр ғана қолданысқа берілген су жаңа техникалар екен. Төтенше жағдай кезінде өрт сөндірушілер осы көліктермен 65 шақыртудың 38-не барып үлгерді. Оның ішінде 28 мекемені өрттен құтқарып, 125 тұрғын эвакуацияланды.
Гүлдана Нұрымбетова, қалалық ТЖД ресми өкілі:
Жойып жіберген немесе зақым тиген автотехникалардың барлық фото, видео материалдары жинақталып, растауыш материалдармен толықтырылып, ары қарай полиция департаментіне жеткізілетін болады.
Бүлікшілер тартып алған көліктердің ішінен тек біреуі табылған. Табанды күрес кезінде екі қызметкер жарақат алды.
Заңғар Базарбек, өрт сөндіруші-құтқарушы:
Көшеден өзіміздің қызметтік көлікті іздестіру барысында артқы жағымыздан оқ атылып, сол жақ қолыма тиді. Содан өрт сөндіру бөліміне қайтып келдік.
«Соған қарамастан көлікті қайтарып алдық. Ел алдында берген антымызға адалмыз» дейді өрт сөндірушілер. Жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы 2-3 күнінде Төтенше жағдайлар департаментіне 48 мыңнан астам адам хабарласып, көмек сұраған.
Бағдат Шайзада, Алматы қаласы ТЖД дағдарыс жағдайларында басқару орталығының басшысы:
5-мен 6-сы қиын күндер болды. Әсіресе түн уақытында. Осында отырған жеке құрамның көпшілігі әйел кісілер. Сондықтан департаментке шабуыл болдырмау үшін кезекшілікті күшейтіп, терезелерді жауып, залды шамды өшіріп  жұмыс істеген болатынбыз.
Осылайша құтқарушылардың бірде-бірі жұмыс орнын тастаған жоқ. Оларға бұзақы топтан таза аймақтар мен айналма жолдар дер кезінде ескертілді. Соның арқасында өрт сөндірушілер дін аман. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бүлікшілердің кесірінен қаншама мекемелерге жете алмады. Дегенмен бар күшін салып, жүздеген адамды ажалдан арашалап қалды.

Айнұр Мәулен

Хабарламаларға жазылу