Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда үйлері ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда үйлері ашылды

11.01.2022

Ауыр күндерді артта қалдырған Алматы қалыпты өмірге қарқынды көшіп жатыр. Бүгіннен бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастады. Бірнеше ірі сауда-ойын-сауық орталығы мен базарлар ашылды. Ертеңнен бастап қоғамдық көлік барлық бағытта қатынайды.

Жаңа өмірге қадам басатын жас жұбайлар бұл күнді асыға күтті. Соңғы жаңалықты ести сала, Халыққа қызмет көрсету орталығына бет алған. Көп күтпей, шаруаларын бітірді.

Жасұлан Серіков, күйеу жігіт:

ЖСН арқылы құжаттар тапсырдық. 13 күннен кейін керекті құжаттарымызды аламыз.

Сексеннің бесеуіне келген Қадиша Қайнарбаева да құжаттарын өткізе алмай, алаңдап жүр еді. Зейнеткер таңертең тұра салып, Халыққа қызмет көрсету орталығына келді.

Қадиша Қайнарбаева, зейнеткер:

Көп күттік күнде-күнде келіп тұрдым. Қасында тұрамын. Келдік, жұмысын істейді. Кісі көп емес.

Бүгін Алматы бойынша Халыққа қызмет көрсететін 9 орталық жұмысын бастады. Мекеме таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін ашық.

Асхат Бердішев, ХҚКО қызметкері:

Халық келіп, өткізген дайын құжаттарын алса болады. Қазір тек жеке куәлік жұмыс істемей тұр. Өйткені Ішкі істер министрлігінің базасы істемей жатыр. Тағы да мамандандырылған 5 цон бар сол жұмыс істемей жатыр.

Алматыда қорқыныш пен үрей сейіле бастады. Бүгін қаладағы ірі сауда-ойын сауық орталықтары, сауда үйлері біртіндеп есігін айқара ашты.

Ержан Оразбай, сауда орталығының бас директоры:

Біз сауда үйін қорғап, тонаушылыққа жол бермес үшін қарулы күзетті жалдадық. Бүлікшілер бірнеше рет шабуыл жасауға тырысты. Бірақ біз де беріспедік. Күн сайын күзетімізді күшейте түстік. Бүгін сауда үйі жұмысын бастады. Қалыпты өмірге көше бастадық.

Тоналып, өртелген, бүлінген 6 нысанды әлі қалпына келтіріп жатыр. Жоспар бойынша өзге нысандар аалдағы 1-2 күнде жұмысын бастайды.

Ұлболсын Асан, сатушы-кеңесші:

5 күн үзілістен кейін жұмысқа асығып келдік. Келіп жатқанымызға қуаныштымыз. Сатып алушылар азырақ. Бірақ жұмысымызды бастап жатырмыз.

Ажар Жапар, тағамдар желісінің басшысы:

Бүгін келушілер келе бастады. Таңғы 10-нан 5-ке дейін жұмыс жасаймыз.

Қазір қала ішін тазарту жұмыстары қызу жүріп катыр. Коммуналдық қызмет пен жауапты мамандарда тыным жоқ.

Оңалбек Қыдырбаев, Наурызбай ауданы әкімдігі көріктендіру бөлімінің бас маманы:

Райымбек даңғылының бойында экопост орналасқан, жанып кеткен посттарды жинау жұмыстары жүріп жатыр. Аудан аумағы бойынша арық тазалау, көше тазалау жұмыстары 2-3 күннен бастап жалғасуда.

Қиындықтарды еңсеріп, қалыпты өмірге көше бастаған алматылықтар бүлік кезінде жарақаттанған қызметкерлерге жан-жақтан көмек қолып созып жатыр. Мәселен, 123 теміржолшы бүгін қан тапсырды.

Манас Аманов, теміржолшы:

Бүкіл Қазақстан елінің басына ауыртпалық жағдай түскенде қалайша? Әр азаматтың борышы деп ойлаймын. Жолдасымыз екеуміз келіп отырмыз.

Тәртіпсіздіктер кезінде қиыншылыққа тап болған әлеуметтік нысандарға алматылық кәсіпкерлер жәрдемдесуде. Олар азық-түлік себетін әзірлеп, күн сайын таратып жатыр.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу