Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында бірқатар маңызды тапсырмалар берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында бірқатар маңызды тапсырмалар берді

11.01.2022

Мемлекет басшысы бүгін билік құрылымдарының қарапайым халықтың өмірі жайлы түсініктері шала деп сынға алды. Экономикалық дамудың негізгі пайдасын қарапайым бұқара емес бай-бағландар көріп отыр. Осы олигархтар еркін нарықтың дамуы мен еліміздің бәсекеге қабілеттілігін тежеп отыр. Ел экономикасын таяу арада қандай өзгерістер күтіп отыр? Президент тапсырмасындағы қаржылық бағыттағы тапсырмаларды тілшіміз зерделеді.

Ішкі жалпы өнімнің, яғни ел экономикасының 60 пайызы «Самұрық қазына» қорының қолында. Алайда ұлттық байлығымызды еселейтін алып ұйымның жұмысына сауал көп. Есесіне сансыз басшылары мен шетелден келген кеңесшілері мен директорларының жалақысы миллиондармен есептеледі. Президент қордың жұмысын сынға алып, реформа жүргізуді тапсырды. Бұл шаруа қолдан келмесе оның экономикамызға қажет жоқ деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма?! Яғни «ұлттық байлықты еселей алды ма» деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады?! Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?!», Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер қорда реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн.

Қордағыкүмәнді шығындар аз емес. Мәселен ұлттық компаниялардағы сатып алу жұмысының көлеңкелі тұстары бар. Қаржысы қомақты келісім-шарттар таныс-тамырлыққа, құда-жекжаттыққа салынып, сапасыз орындалып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларының ашықтығына қатысты мәселелер бар. Осы орайда шағымдар жиі түсіп жатыр. Сондықтан бұл мәселелерге қатысты шешім жасалуы керек. Бұл тұрғыда «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлттық компаниялардың сатып алулары тәртібін қайта қарастыру міндеті алда тұр. «Өткен жылы реттелетін сатып алулар туралы заң шықты. Алайда мәселелердің көбісі бұрынғысынша заңға тәуелді актілер мен қордың шешімі деңгейінде шешіліп келеді. «Самұрық-Қазына» ережелері мен рәсімдерін Қаржы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігімен келісуді қамтамасыз ету керек.

Бай мен кедей арасы алшақтап жатыр. Себебі олигархтар қолда бар мүмкіндікті пайдаланып мемлекеттен берілетін қолдаудың басым бөлігіне иемденіп жүр. Бұған енді жол берілмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы әділ сұрақтар туындап жатыр. Қалыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға – бәрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мәнінде қазіргі жүйе экономикадағы олигаполияны одан әрі күшейтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев прокуратура, қаржы министрлігі мен өзге мемлекеттік органдар кедендегі, әсіресе Қытаймен шекарадағы жағдайды "тәртіпке келтіруі керек" деп мәлімдеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кеденде, әсіресе Қытаймен шекарада тәртіп орнату арқылы бюджет кірісін көбейтудің зор әлеуеті бар. Онда болып жатқан былықтар бәріне мәлім. Көліктер толық тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Қытайдың кеден органдарымен салыстырмалы статистикадағы сәйкессіздік миллиардтаған долларға жетеді. Ешкім тиіспейтін мәртебесі бар кей операторлар бар. Еліміз салық түріндегі ондаған миллиард теңгені жоғалтып отыр. Бұлай жалғаса беруіне болмайды.

Қазақстанның даму банкі таңдаулы адамдар тобының жеке банкіне айналып кеткен. Мемлекет басшысы «Алдымен – достарға, қалғаны – заң бойынша» принципімен жұмыс істеп келген жүйені сынға алып, үкіметке Қазақстанның даму Банкінің жұмысын қайта құру туралы тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркәсіп және құрылыс топтары ішінде таңдаулы тұлғалар тобының жеке банкіне айналған. Бәрінің аты-жөні бізге белгілі. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобасын іске асыруда артықшылыққа ие болған. Осы жобаларға кеткен мемлекет қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болар еді. 

Инфляция деген аждаһа бар. Ешкім де тізгіндей алар емес. Жыл сайын бюджет қызметкерлері мен зейнеткерлердің ақысы өсіп жатқанымен азық-түліктің бағасы еселеніп жатқандай. Президент бұл мәселені қолға алу керек деп қатаң тапсырма қойды. 2025-жылға қарай ол 3-4 пайыздан аспауы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында біз жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтердік. Бірақ, әр уақытта бағаның бақылаусыз өсуімен бетпе-бет келеміз. Бірнеше жыл бойы жоғары инфляция экономикамыздың басты проблемасы болып отыр. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендеді. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Бағаны және халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыру керек. Мақсатты дәлізі – 2025 жылға қарай 3-4 пайыз. 

Батыс пен оңтүстікте бала туу көрсеткіші жоғары, халық көп бірақ жұмыс орны жеткілікті емес. Әкімдер мен үкімет бұл мәселеге өңірлік емес ұлттық мәселе ретінде ден қоюы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан кейбір өңірлерде әлеуметтік олқылықтар байқалады. Соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан да батыс және оңтүстік облыстардың әлеуметтік проблемасы өңірлік емес ұлттық мәселе болып отыр.

Президент теңге бағамын тұрақты етуге ден қоюды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпейінше тұрақты экономикалық нарық болуы мүмкін емес. Тәртіпсіздіктер мен төтенше жағдай аясында ұлттық валютаға алыпсатарлық қысымның елеулі нарықтары пайда болды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ішкі және сыртқы нарық қатысушылары тарапынан теңгеге деген сенім толық қалпына келгенге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Президент бұл жұмысты да сынға алып, шұғыл әрекет етуге тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуі тиіс активтерді іріктеу тәсілдері айқындалмаған. Оны шұғыл әзірлеу қажет. Экономиканы әртараптандыру - күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты - өңдеу өнеркәсібін дамыту.

Қазақстан Орталық азиядағы жетекші экономика. Тәуелсіздік жылдары аймаққа ағылған шетелдік инвестицияның 90 пайызы біздің елге бағытталды. Президент қандай жағдай болмасын инвесторлар алдындағы мемлекеттің барлық міндеттемелері мен кепілдері толық орындалатындығын қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда тікелей шетел инвестициясын тарту үшін барлық жағдай жасалған. Біз қолайлы инвестициялық ахуалдың сақталғанына мүдделіміз. Мемлекет ішкі және шетелдік инвесторлардың сенімін қайта қалпына келтіру үшін қажетті барлық іс-шараны қабылдайтындығына сендіргім келеді. Инвесторлар алдындағы мемлекеттің барлық міндеттемелері мен кепілдері толық көлемде орындалатын болады.

Елдегі экономикалық жағдайдың қиындауына мемлекеттік аппараттың әлсіз жұмысы себеп. Тіпті шенеуніктер халықпен тілдесуден қорқады. Енді бұқарамен тікелей жұмыс істей алмайтын басшылардың дәурені келмеске кететін сыңайлы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұтастай алғанда, шенеуніктердің халықпен диалогының тиімділігі бұрынғыша төмен екенін айту қажет. Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен тілдесе алмайды, кейде қорқады. Үкімет мүшелері өңірлерге тұрақты түрде шығып тұруы тиіс, ал өңірлердің әкімдері әрбір елді мекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуге міндетті.

Бюрократия еліміздегі реформалардың сапасыз жүзеге асуының негізгі бір себепкері. Енді есеп үшін есеп, бақылау үшін бақылау жүргізу өткенде қалуы тиіс. Президент билік өкілдеріне қағаз бетіндегі әдемі сөз емес, нақты атқарылған шаруа маңызды деп қадап айтты. Ал бұл жұмыстың енді сұрауы мен бақылауы қатаң болары сөзсіз.




Хабарламаларға жазылу