Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аппараттық кеңест өткізіп, мегаполистің тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелерін қарады. Қала әкімдігі ғимаратының қирауына байланысты жиын Алмалы ауданы әкімдігінің ғимаратында өтті.
Кеңес барысында сауда, жолаушылар көлігі нысандарының, әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіру, жолдарды тазарту және қалпына келтіру мәселесі қаралды. Жауапты басқарма басшылары соңғы бір аптада қалада коронавирус инфекциясының өршігенін айтты. Бұл пандемияның жаңа толқыны басталғанын көрсетеді деді әкімдік өкілдері. Осыған байланысты Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев эпидахуалды жақсарту, Телемедицина орталығының жұмысын жандандыруды және қосымша төсек-орындар санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындардың белсенді вакцина алып, ревакцинациядан өтуі керек екенін атап өтті. Мегаполис бұрынғы қалпына оралуда деді шаһар басшысы.
Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:Уақытылы қолданылған шаралардың арқасында содырларға дер кезінде соққы берілді. Қазір қала тіршілігін қалпына келтіру бойынша қалалық штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Барлық ауданда аумақты тазарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы күндері қаланың тіршілігі үшін қамтамасыз ету қызметтері үздіксіз жұмыс істеді. Тұрғындарға су, жылу және газ беру штатты режимде жұмыс істеп тұр.
Қуан Нұрақын