Өткен аптада төрткүл дүниені елең еткізген Қазақстандағы оқиғаларға көптеген сарапшылар өз бағаларын беріп жатыр. Олардың кейбірі еліміздегі жағдайдың тұрақталып келе жатқанын айтса, ендігі бірі Қазақстан Үкіметінің бұл дағдарысты еңсерудегі іс-әрекеттеріне қолдау білдірді. Тағы бір бақылаушылардың ойынша, Алматыдағы бүлік тоқтатылмағанда, ол аймақтық қана емес, жаһандық дағдарысқа да ұласып кеуі ықтимал еді.
Қазақстанда болған жаппай шерулер мен тәртіпсіздіктерге қатысты бірқатар шетелдік сарапшылар пікір білдіріп жатыр. Олар елде тәртіп орнап, жағдай құқықтық арнаға оралуы қажеттігін атап өтіп, Қазақ Үкіметінің қылмыстық топтар мен мародерларға қарсы әрекеттеріне қолдау білдіріп отыр.
Велизаде Ильгар Мақсұтоғлы, сарапшы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі (Әзербайжан):
Қазақстан басшылығының елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін қабылдаған шұғыл шаралары - басқару тиімділігінің көрсеткіші. Президенттік билік - Үкіметтің отставкаға кетуі, кінәлілерді іздестіру мен жазалау, газға және басқа да маңызды өнімдерге баға белгілеудің тиімді тетіктерін анықтау іс-шараларының басы-қасында тұр.
Әзербайжан телеарнасының саяси шолушысы Тофик Аббасов Қазақстанның кейбір қалаларында болған атыстарға өкініш білдіріп отыр. Өйткені, оның ойынша, Қазақстан - ең алдымен әлеуметтік-экономикалық салаларда постсоветтік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан лидер-мемлекеттердің бірі.
Тофик Аббасов, саяси сарапшы:
Мемлекет басшысы алдына өте өршіл әрі тартымды мақсаттар қойып отыр. Олар - ұзақмерзімдік жоспарлар. Диалогтың қазірдің өзінде жолға қойылғаны, іс жүзінде жағдайдың тұрақталып келе жатқаны - көңілге медеу.
Қарулы топтардың Қазақстандағы әрекеттері сұйытылған газдың бағасын түсіруді емес, елді тұрақсыздандыруды, хаос пен тәртіпсіздіктерді көздеді. Мұндай пікірді жақында Болгариядағы МИР партиясының төрағасы Симеон Славчев білдірді.
Симеон Славчев, «Мир» партиясының төрағасы (Болгария):
Шабуылшылардың әрекетінен олардың Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы бейбіт шеруге шыққандарға еш қатысы жоқ екені белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуынан кейін наразылық білдірушілер демонстрацияны тоқтатты. Өйткені, талаптары орындалды. Яғни, бұл жерде бейбіт шерушілер мен Қазақстанды дүр сілкіндіріп, ойрандаған шабуылшылардың аражігін ажырата білуіміз керек.
Ал, үндістандық сарапшы Дипанджан Рой Чаудхуридің пікірінше, Қазақстанның тұрақсыздануы аймақтық қана емес, жаһандық дағдарысты білдірер еді. Италия парламентінің депутаты Эдмонд Чириеллидің болса, Қазақстан өзін тұрақсыздандыруға жан-жақты тырысып жатқан дұшпан мемлекеттер мен қаржылық державалардың сырттай араласуының құрбанына айналды деп есептейді. Ал, словакиялық ғылым докторы Тибор Лебоцкидің ойынша, Алматы оқиғаларының ар жағында патриотизмге қарсы әрі суық қанды, өз пайдасы үшін адамдарды құрбандыққа шала салатын күштер тұр.
Осы республика парламентінде бұрын Қазақстанмен достық жөніндегі топты басқарған Петер Марчека болса, Алматыда бейбіт шерулерді бандалар мен бұзақылар «ұрлап әкеткенін» айтып, Қазақстан үшін жүрегі ауыратынын қынжыла мәлімдеді.
Арыстан Рысбек