Әлихан Смайылов Премьер-Министр болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов Премьер-Министр болып тағайындалды

11.01.2022

Бүгін еліміздің жаңа Үкімет басшысы тағайындалды. Президенттің ұсынысы бойынша бұл қызмет Әлихан Смайыловқа жүктеліп отыр. Бұған дейін бірінші вице-премьер болған ол, күні бүгінге дейін Премьер-Министрдің міндетін уақытша атқарып келген еді.

Асқар Мамин отставкаға кеткен күні-ақ келесі Премьер-Министрдің кім болатыны жұртты қатты толғандырғаны анық. Мемлекет басшысы бүгін бұл қызметке Әлихан Смайыловты ұсынды. Конститутция бойынша Үкімет басшысын тағайындау үшін Президент депутаттардың келісімін алуы керек. Мәжіліс Қасым-Жомарт Тоқаевты бір ауыздан қолдады.

ҚР Президентіне, ҚР Премьер-министрі етіп, Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындауға келісім берілсін деген қаулының жобасы дауысқа қойылады. Дауыс берулеріңізді сұраймын. Нәтижесін экранға беріңіздер қатысып отырған 89 депутат, жақтағандар 89 шешім қабылданды, қаулы қабылданды.

Осылайша 49 жастағы Әлихан Смайылов бүгіннен бастап еліміздің премьер-министрі. Тәуелсіз Қазақстанның 11-інші Үкімет басшысы. Депутаттар оның мықты экономист, білікті қаржыгер, азулы саясаткер және әділ басшы екенін айтып отыр.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Пандемия кезінде бай мен кедей арасы мүлдем алшақтап кетті. Бұл әлемдік тенденция. Мәселені шұғыл шешіп, аймақтардың дамуына назар аудару қажет. Әлихан Асханұлының қолынан бұл келеді деп ойлаймын.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Әлихан Асханұлы ел экономикасын дамыту мен әлеуметтік саланы нығайту жөніндегі тапсырмаларды орындау үшін бар күш жігерін салатынына сенімдіміз.

Сенім білдіргені үшін Әлихан Смайылов Президентке алғысын айтып, аянбай еңбек ететінін жеткізді. Айтуынша, жаңа Үкімет халықтың талап-тілегін орындап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін барын салмақ. Әсіресе бетімен кеткен инфляциямен күресіп, аз уақытта экономикалық өсімді 5 пайызға жеткізбек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі

Үкімет Президенттің жолдауларын, бастап жатқан реформаларын, тапсырмаларын және стратегиялық құжаттарды іске асыру жұмыстарын жүргізетін болады. Тиімді макроэкономикалық саясатты іске асыру, жаһандық өзгерістердің әсеріне ұшыраған инфляцияны, біртіңдеп төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, маңызды міндеттер болып табылады.

Жаңа премьер бұған дейін Статистика агенттігінгің төрағасы, Президенттің көмекшісі, Қаржы министрі қызметтерін атқарған. Күні бүгінге дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып, Асқар Мамин отставкаға жібірілгенде, Үкімет басшысының міндетін уақытша атқарып келді.

Досжан Маратұлы, тілші

Осылайша Әлихан Смайыловқа ауыр жүк артылып отыр. Осы қиын-қыстау сәтте экономикалық өсімді қалпына келтіріп, әлеуметтік жағдайды тұрақтауы қажет. Ол үшін жаңа Үкіметке Мемлекет басшысы екі айда ауқымды бағдарлама әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Кейін министрлер мен әкімдер сол бойынша жұмыс істеуі тиіс.


Хабарламаларға жазылу