Біріккен Араб Әмірліктерінде мыңға жуық қазақстандық қаңтарылып қалды. Мәселе Алматы әуежайының жұмысы уақытша тоқтағандықтан туындап отыр. Ал туристер Дубай және Шарджадан 5 қаңтардан бері ұшып келе алмай отыр. Елдегі консулдығымыз азаматтарды тұрғын-жаймен қамтамасыз еткен, алайда жолаушылардың жеке қаражаттары таусылып бара жатыр. Қазір араб елдерінен тек Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына қатынауға болады. Жергілікті әуекомпания уақыты өткен билеттер құны қайтарылатынын мәлімдеді. Жолаушылар жаңа билеттің бағасы тым қымбат екенін айтып шағымдануда. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кеше туристер елге Нұр-Сұлтан арқылы жеткізілетінін мәлімдеді. Оларды жеткізу кестесі әзірленіп қойған.
Ерлан Әбішев, ҚР елшілігінің Грузиядағы консулы:
Грузиядан Қазақстанға әуе рейстері тоқтаған сәттен бастап, Елшілік қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. «Эйр Астана» әуе компаниясы Тбилисиден Алматыға рейстерді 12-ші қаңтардан бастап қайта бастауды жоспарлап отыр. Рейстерге біріншіден нәрестелері бар әйелдер, қарт адамдар және қаңтар айының алғашқы күндерінен билеттерін сатып алған жолаушылар отырғызылып жатыр.