Жамбыл облысындағы ахуал тұрақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы ахуал тұрақталды

11.01.2022

Жамбыл облысындағы ахуал тұрақталды. Тұрғындардың тұрмысына қажетті әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Балабақшалар бүгіннен бастап бүлдіршіндерді қабылдай бастады. Қалада барлық бағыттағы қоғамдық көліктер қатынап, жергілікті жұрт жұмыстарына қайта кіріскен.

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Өңірдегі ахуал жақсарып келеді. Қала көшелерінде тыныштық орнаған. Бірақ қауіпсіздік шаралары мен қылмыс жасағандарды ұстай әлі де жалғасып жатыр. Жалпы тәртіпсіздіктен Тараз қаласында 6 ғимаратқа зақым келген. Оларды қалпына келтіру жұмыстары осыдан 2 күн бұрын басталды. Жергілікті кәсіпкерлер жұмылып, өз қаражатына құрылысты бастап кеткен. Ал мектеп оқушыларының демалысы 17 қаңтарға дейін ұзартылса, балабақшалар балаларды бүгіннен бастап қабылдап жатыр. Екінші деңгейлі банктер өз жұмысын 11 қаңтардан бастайды. Бірақ төтенше жағдайға байланысты тек белгілі уақыттарда ғана. Ал қоғамдық көліктегі төлем жүйесі интернет қосылғанша, қолма-қол болады. Базарлар сағат 17.00-ге дейін дүкендер мен супермаркеттер 20.00-ге дейін және сауда орталықтары 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Сауда нүктелерінде 19 қаңтарға дейін алкоголь өнімдерін сатуға тиым салынған. Автокөлік және мал базарлары әзірге жұмыс істемейді. Тағы бір айта кететін ақпарат бар. Дәл қазір, қалалық қан орталығында «Донор бол» акциясы өтіп жатыр. Елімізде болған жағдайға байланысты қан қорының жетіспеуіне орай қан тапсыруға еріктілерді тарта отырып көпшілікті қан тапсыруға шақыруда. Сонымен қатар, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында «Қоғам сақшысы» атты арнайы топтар құрылған. Олар мөлтек аудандарда, саябақтарда арнайы жадынамалар мен Қазақстан Республикасы Президентінің және облыс әкімінің үндеулерін тұрғындарға жеткізуде.


Хабарламаларға жазылу