Батыс Қазақстан облысында есірткі затын қолданып, төтенше жағдай тәртібін бұзғандар ұсталды.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Комендант сағатын бұзғандар арасында Қызылорда қаласынан келгендер де бар. Атап айтқанда, түнгі сағат 23:15-те қаланың шет аумағындағы жанармай құю бекетінен «Гранта» көлігі тоқтатылды. Көлік ішіндегі 23-24 жастағы төрт жігіт блокбекеттен өте алмайтындарын білгендіктен, саяжай арасымен қалаға кірген. Медициналық тексеру барысында марихуана қолданғандары дәлелденді. Көліктен 2 пышақ, жасыл түсті, өткір иісті ұнтағы бар қорапша табылды. Әрі телефондарынан есірткі затын жасыру орнының суреттері бар екені айғақталды. Көлік арнайы айыптұраққа қойылды. Сондай-ақ, түнде орталық көшелерден трамадол есірткісіне мас болған 29 жастағы екі жігіт ұсталды. Олардан 5,45 калибрлі әскери патрон және пышақ тәркіленді. Жеке куәліктері болмаған. Айтуларынша, оқ-дәріні көшеден тауып алған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы басталды. Ал түнде бейсауат жүрген азаматтардың алтауына да төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.