Қарағанды жұртшылығы Әділ Нұркеновты жер қойнына тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды жұртшылығы Әділ Нұркеновты жер қойнына тапсырды

10.01.2022

Бүгін Қарағанды өңірі жұртшылығы Ұлттық қауіпсіздік қызметкерін жер қойнына тапсырды. Шахан кентінің 28 жастағы тұрғыны Әділ Нұркенов қаңтардың 7-сі күні Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде оққа ұшқан.

Жерлеу рәсіміне Шахан кенті толық жиналған. Туған-туыс, әріптестері мен жақын жуықтан өзге оны танымайтындар да келіп көңілдерін білдірді. Жиналған жұрттың айтуынша, бұл бәріне ортақ қайғы. Құзырлы орган марқұмды «әскери ерлігі үшін» медалімен марапаттаған. Төсбелгі қайғыдан қан жұтқан ата-анасына табысталды. Капитан шеніндегі Әділ Талдықорғандағы қызметке осыдан 8 ай бұрын ғана кіріскен. Оның артында жары мен 3 жастағы қызы қалды. Жақындарының айтуынша, Әділ лаңкестер жаудырған оқтың астында қалған. Ажал құштырған оқ оның бүйрегіне тиген.

Алмагүл Имашева, Әділ Нұркеновтің әпкесі:

Жұмыс барысында машинамен кетіп бара жатқанда атқан дейді. Бірнеше мәрте оқ жаудырған. Қасында тағы бір кісі болған дейді. Ол сол жерде қайтыс болыпты. Артында тағы бір қыз ба, келіншек пе болған. Оның жағдайы ауыр. Әке-шешесі жаңа жылда бірге тойлады. 6-сы күні олар келді. 7-сі күні қайтыс болды.

Талдықорғанда арнайы жасақ инспекторы Дархан Барғанаевпен қоштасу рәсімі өтті

Бүгін Талдықорғанда полиция лейтенанты Дархан Барғанаев та жер қойнына тапсырылды. Марқұмды ақтық сапарға ет жақын туыстары, қарулас достары мен полиция департаментінің басшылары шығарып салды. 31 жастағы Дархан Барғанаев 2011 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етіп келді. Жылдам әрекет ететін арнайы жасақ инспекторы 8 қаңтарда бүлікшілер қалалық полиция басқармасына шабуыл жасағанда ерлікпен қаза тапты. Марқұмның артында анасы, жары және екі баласы қалды. Бір үйдің жалғыз ұлы Дархан Барғанаев Президент Жарлығымен қайтыс болғаннан кейін «Айбын» орденімен марапатталды.

Меруерт Орынбаева, марқұм Д. Барғанаевтың туысы:

Соңғы сөзі аман болыңдаршы, аман болыңдар, сендер үшін жүрміз, үйден шықпаңдар, өте қиын жағдай болып жатыр, деді. Өзінің жүрегі сезді ме, 8.15-те хабарласып, әйеліне звондады, аман болыңдар деді.


Хабарламаларға жазылу