Аймақтарда ахуал тұрақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда ахуал тұрақталды

09.01.2022

АҚТӨБЕ
Ақтөбеде өткен түнде коменданттық сағат талабын бұзған 89 адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың 32-сіне айыппұл салынған. Бұл туралы облыстағы комендант Қанат Әлиев мәлімдеді. Сондай-ақ, бүгін Ақтөбеде коменданттық сағат уақыты өзгерді. Енді көшеге түнгі 23.00-ден таңғы 7-ге дейін шығуға болмайды. Бұған дейін, далаға түнгі 10-нан таңғы 6-ға дейін шығуға тыйым салынған еді. Қазір облыс бойынша барлығы 10 блок бекет қойылған. Өңірде дәрі-дәрмек, азық-түлік қоры жеткілікті. Теміржол вокзалы мен әуежай қалыпты жұмыс істеп, қоғамдық көлік те жүріп жатыр. 

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Шығыс Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік кезінде 25 полиция қызметкері зардап шеккен. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының 13 қызметтік көлігі бүлінген. Өскеменде ұсталған адамдар саны туралы ресми мәлімет жоқ. Полиция департаментінің баспасөз қызметі қазір бұл сан нақтыланып жатыр деді. Сондай-ақ, полиция бөлімшесіне жеткізілген әр адамның іс-әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады. Өскеменнің орталық алаңына жиналғандар полицияның модулді бекетін жағып жіберіп, сол маңдағы бірқатар дүкеннің терезесін сындырған. Қазір Шығыс Қазақстан бойынша жағдай тұрақты. Өскемен және Семей қаласының орталық алаңын, стратегиялық нысандарды полиция мен әскерилер күзетіп тұр.

АТЫРАУ
Еліміздің батыс өңірлерінде де жағдай тұрақталды. Атыраулық денешынықтыру және алғашқы әскери дайындық мұғалімдерінен 62 адам күшейтілген режимде қызмет етіп жүрген полицейлерге қосылса, дін өкілдері блок бекеттерде тұрған тәртіп сақшыларына тамақ таратты.

ҚОСТАНАЙ
Қостанай облысында 14 блок бекет қойылды. Төтенше жағдай басталғалы бері олардан 7 мыңға жуық автокөлік тексеруден өткен. Қалада барлық әлеуметтік мекемелер мен дүкендер жұмыс істап тұр.Тіпті ойын-сауық орталықтары да ашық. Құқық қорғаушылар қоғамдық тәртіпті күні-түні қадағалауда.

ҚАРАҒАНДЫ
Қарағанды облысында төтенше жағдай режимін бұзғандар әкімшілік жазаға тартылды. 6-ші қаңтардан бері полиция бөлімдеріне 128 адам жеткізілсе, төтенше жағдай режимін бұзған 86 адам әкімшілік жазаға тартылған. Қаланы айнала 8 блок-бекет қойылған. 

Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:
Қазақстан Республикасының құқықбұзушылық кодексінің 476-шы бабын, яғни төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 86 құқықбұзушылық анықталды. Аталған баптың санкциясына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген.

Жалпы өңірде жағдай тұрақты және күштік құрылымдардың жіті бақылауында. Әлеуметтік, медициналық нысандар, сауда орындары, супермаркеттер, базарлар қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Қоғамдық көліктер кестеге сай жүріп жатыр. Барлық стратегиялық маңызды нысандарда күзет күшейтілген.





Хабарламаларға жазылу