Алматыда террористермен күресте жараланғандар саны артып жатыр. Әскери госпитальде жарылыстан зардап шеккен қарулы күштер қызметкерлері ем алып жатыр. Бүлікшілер төңкеріс жасаған түні осы аурухананы басып алмақ болған.
Жараланғандардың жағдайы қалай?
Досжан Маратұлы, тілші:
Бүлікшілерге қарсы күресте жараланғандар полицей, әскерилер өте көп. Олардың біразы мына госпитальде жатыр. Олардың жағдайын білу үшін арнайы рұқсат алдық.
Бізді қарсы алған дәрігерлердің айтуынша, аурухана науқастарға толы. Соның бірі - Атабек Әбдірайымов. Қарулы күштер офицері Алматы әкімдігіне жасалған шабуылды тоқтатпақ болған. Айтуынша, митинг бейбіт екен деп, әскерилер қару апармаған. Бірақ қырғынға дайындалып келген әккі басбұзарлар бүлік шығарып, формадағыларға шабуыл жасаған. Ұрып-соғып, оқ атып қана қоймай, гранатаға дейін жарған.
Атабек Әбдірайымов, 12/881 әскери бөлімінің капитаны:
5-6 жігіт артымнан келіп, жабылып соққыға жыға бастады. Ағашпен ұрды, кейін граната лақтырды. Қолым мен аяғым жараланды.
Атабек жарылыста жараланса, қаруласы қатты контузия алған. Жолдасын қолтықтап, жауға тастамай, госпитальге әрең жеткен.
Атабек Әбдірайымов, 12/881 әскери бөлімінің капитаны:
Өзі не істеп жүргенін, қайда жүргенін білмейді. Есін жоғалтқан. Жатқан жерінен сүйреп, үйлердің арасымен әкімшіліктің көшесіне қарай шықтым. Сол жерден әскери госпитальға қарай жүрдік. Әрі қарай жарты жолға дейін әйел адам көлікпен жеткізіп тастады.
Атабек секілді ем алып жатқан әскери көп. Оларға 40-тан астам ота жасалған. Бірінің көзі шыққан, енді бірі қатты ми жарақатын алған. Яғни сарбаздар кәдімгі соғыста болатын жарақатпен түскен.
Ғалымжан Жұмаханұлы, әскери медицина қызметінің полковнигі, хирург:
Өйткені атыс, жарылыс, пышақтан жарақат алған. Бас-ми жарақаты, газбен уланғандар көп түсті.
Негізі бұл әскери госпиталь. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен полицейлерді де осында қабылдауға тура келген. Өйткені жағдай солай болды. Оның үстіне ауыр жарақатпен түскен науқастар өмір үшін арпалысып жатқанда лаңкестер осы ауруханаға шабуыл жасамақ деген хабар түскен. Бірақ ұтымды айла-тәсілдің арқасында мұның алдын алған.
Ғалымжан Жұмаханұлы, әскери медицина қызметінің полковнигі, хирург:
Госпитальдің жазуын, бағыт беретін бүкіл қағазды алып тастадық.
Өйткені әскерилердің өміріне араша түсетін дәрігерлердің саулығы өте маңызды еді. Оның үстіне науқастар да көп. Міне, көз алдымызда жарақатпен жеткен кезекті жауынгер ем алуға кіріп барады.
Жалпы, науқастардың жағдайы бірқалыпты. Ешқайсысың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Тек бір сарбаз жансақтау бөлімінде жатыр. Бірақ оның оңалып кететініне дәрігерлер сенімді.
Досжан Маратұлы