Маңғыстауда бейбіт басталған митинг бүлікке ұласты. Арандатушылар мен қарулы террористер дүрбелең тудырып, елдің берекетін кетіруге тыңғылықты дайындалғаны белгілі болды. Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев содырлар мұздай қаруланғанын мәлімдеді. Жалпы, жағдайдың қалай өрбігені туралы тілші тарқатады.
Жаңа жылдан бастап газдың бағасы 120 теңгеге көтерілді. Қымбатшылыққа қарсы алдымен Жаңаөзен жұрты наразылық танытты. Оған Маңғыстау облысының өзге өңірлері қосылды. Президенттің тапсырмасы бойынша арнайы үкіметтік комиссия құрылып, өңірге вице-премьер Ералы Тоғжанов барды. Алаңға жиналған халық сұйытылған отынды арзандату туралы талап қойды. Митинг бірте-бірте еліміздің өзге аймақтарына жайылды.
Әсіресе, Алматыдағы ахуал күрт шиеленісті. Бейбіт халықтың арасына сыналап кірген содырлар ғимараттарды қиратып, жан жақтан өрт қоя бастады, қару қолданды. Қалада 7 қару-жарақ дүкені тоналды, қару мен оқ-дәрі қолды болды.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:
Қоғамдық көліктерді, коммуналдық техникаларды басып алды. Осылайша қоғамдық тәртіпті қорғау жасағына қарсы әркет етті. Жарылғыш заттар лақтырып, қарумен оқ жаударды.
4 қаңтар. Әр өңірден жиналған бұзақылар қалалық әкімдікті басып алуға ұмтылды. Телеарналардың ғимараттарын бірнеше рет шабуылдады. Сақшылар мен әскерилер қарсы тұрды. 5-ші қаңтарда қастандық қайта басталды. Бұл жолы 20 мың адам қару қолданып, Алматының ортасында ойран салып, әкімдікті алуға тағы талпынды.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:
Содырлардың көптігінен қорғаныс шебін бұзып, әкімдікке кірді. Халықтың нөпіріне қарай байқаусызда адам өліміне соқтырмас үшін полиция шегінуге тура келді. Мүлік бүлінді, ғимарат өртенді. Сақшылар, әскери училище курсанттары соққыға жығылып, мазаққа ұшырады. Құралдары алынып, формасын шешті.
800 қылмыскер халықаралық әуежайға басып кірді. Әуе рейстері тоқтады. 6-7 қаңтар. Тараз бен Талдықорғанда аса қауіпті қылмыскерлер отырған тергеу изоляторына бірнеше рет қарулы шабуыл жасалды. Бірақ, қарулы күштер қауқар танытып, террорға тойтарыс берді. Қазіргі таңда барлық облыста жағдай тұрақталған. Әкімдіктер түгел босатылды.
Нысаналы Ығыл