Алматыда бейбіт шеруге шыққандардың ешқандай талап-ұсынысы болмаған. Шағым білдірмеген. Бірден талқандап, тонауға көшкен. Олармен келісімге келу мүмкін болмады. Ішкі істер министрінің мәліметінше, тұтқиылдан жасалған шабуыл салдарынан полиция қызметкерлеріне төтеп беру қиын болған. Қаладағы 7 қару-жарақ дүкенін тонаған. Қоғамдық және коммуналдық көліктерді тартып алған. Полицейлерге жарылғыш заттар мен оқ атқан.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:
Ұйымдасқан топ шамамен 20 мың адам орталық көшеге келіп әкімдікке шабуыл жасады. Полиция мен әскери курсанттарды мазақ қылып, ойларына келгенін жасады. Құқық қорғау органы, сауда үйлеріне басып кіріп, тонады. Қаржы ұйымдары мен банкоматтардың тас талқанын шығарды. 800-дей адам аэропортқа басып кірді. Салдарынан ұшуға дайындалған 60 рейсті тоқтатуға тура келді. 56 рейс әуежайға келе алмады. Аэропорттағы бүкіл сауда және қызмет көрсету орындары тоналды.
Лаңкестікке қатысты сотқа дейінгі 125 тергеу ісі басталды
Лаңкестікке қатысты сотқа дейінгі 125 тергеу басталды. Оның ішінде бұзақылық, кісі өлтіру, зорлық көрсету, ұрлық жасау қылмыстары бойынша іс қозғалған. Ұсталған 5195 адамның 134-і аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен уақытша тергеу изоляторына қамалды. 516 азамат әкімшілік іспен қамауға алынды. Қалған іске қатысты жедел тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:
Тұрғындарға айтарымыз арандатуға ермеңіздер. Кез-келген күдік тудырған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабрласуларыңызды өтінеміз. Осы арқылы сіздер бізге үлкен қолдау жасай аласыздар. Және жалған ақпарат таратпауларыңызды өтінеміз. Ол үшін жаза бар екенін естеріңізге саламын. Қылмыстық кодекстің 274 бабы 4-ші тармағына сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.