Еуропалық Одақ Қазақстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін көмекке дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ Қазақстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін көмекке дайын

09.01.2022

«Еуропалық Одақ Қазақстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін қолдан келген көмекті көрсетуге дайын». Бұл туралы Парижде өткен баспасөз мәслихатында Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула Фон Дер Ляйен мәлімдеді. Еурокомиссия төрағасы бұл дағдарысты азаматтардың құқы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып шешуге шақырды. Франция Президенті Эммануэль Макрон да елдегі жағдайды жіті бақылап, алаңдап отырғанын жеткізді. Еуропалық парламент депутаттары да Қазақстан халқын бірлікке үндейді. «Қазақстан-Еуропалық Одақ» парламентаралық достық тобының жетекшісі Рышард Чарнецкий әріптестеріне Еуропалық парламенттің келесі отырысында Қазақстандағы ахуалды талқылауға ұсыныс жасады.

Рышард Чарнецкий, «Қазақстан-Еуропалық Одақ» достық тобының жетекшісі, Еуропалық парламент депутаты:

Мен Еуропарламенттің «Қазақстан-Еуропалық Одақ» достық тобының жетекшісі ретінде елдеріңіздегі саяси ахуалды жіті бақылап отырмын. Қазақстан-Еуропалық Одақтың маңызды саяси, экономикалық серіктесі болғандықтан елдеріңізде тұрақтылық болғанын қалаймыз, бейбіт процесстерді қолдаймыз. Президент елде саяси және экономикалық реформалар жасауға уәде етті. Соңғы жылдары елдеріңіздегі экономикалық өсім қуантады. Шерулер кезінде азаматтардың қаза тапқаны, жарақаттанғаны өкінішті. Біз барлық тарапты бұдан былай зорлық-зомбылыққа жол бермеуге шақырамыз. Біз елде қоғамдық тәртіп орнатып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан бейбіт шешімді қолдаймыз.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу