Қарағанды облысы: Төтенше жағдай режимін бұзған 86 адам әкімшілік жазаға тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысы: Төтенше жағдай режимін бұзған 86 адам әкімшілік жазаға тартылды

09.01.2022

Қарағанды облысында төтенше жағдай режимін бұзғандар әкімшілік жазаға тартылды. 6-ші қаңтардан бері полиция бөлімдеріне 128 адам жеткізілген. Қазір сол өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы бізбен телефон арқылы байланыста.

Қайырлы күн! 6-шы қаңтардан бастап өңірде коменданттық сағат енгізілген. Түнгі 11 мен таңертеңгі 7 аралығында бейсауат жүрген 128 адам полиция бөлімдеріне жеткізіліп, төтенше жағдай режимін бұзған 86 адам әкімшілік жазаға тартылған. Иә, Қарағанды қаласының айналасында 8 блок-бекеті жұмыс істеуде. Полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде, тіркеуде тұрған 3 аңшы мылтығы мен 1 пневматикалық тапаншаны тәркіледі. Сондай-ақ, бақылау бекетінен өтпек болған, Қазақстан Республикасындағы тіркеу мерзімі өтіп кеткен 30 жастағы Өзбекстан азаматын ұстады. Бұған қоса өткен жылдың 24 желтоқсанынан бері із-түзсіз жоғалған деп саналған 30 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны бекеттен өту барысында қолға түсті.

Бақытжан Құдияров, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

Қазақстан Республикасының Құқық бұзушылық кодексінің 476-шы бабын, яғни төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 86 құқық бұзушылық анықталды. Аталған баптың санкциясына сәйкес, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген.

Жалпы өңірде жағдай тұрақты және күштік құрылымдардың жіті бақылауында. Әлеуметтік, медициналық нысандар, сауда орындары, супермаркеттер, базарлар қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Қоғамдық көліктер кестеге сай жүріп жатыр. Барлық стратегиялық маңызды нысандарда күзет күшейтілген.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу