Қарағанды облысында әлеуметтік мекемелер, қоғамдық көлік, сауда және бизнес нысандардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірде коменданттық сағат енгізілген. Қазір осы аймақтағы тілшіміз Руслан Нұрланұлы бізбен телефон арқылы байланысқа шығып тұр.
Руслан Нұрланұлы:Облыста 6-шы қаңтардан коменданттық сағат енгізілген. Осы уақытқа дейін полиция бөлімдеріне 128 адам жеткізілген. Төтенше жағдай режимін бұзған 86 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді олар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, немесе 10 тәулікке қамауға алынады. Бүгінгі күні қала маңында 8 бло бекеті қойылған. Тәртіп сақшылары кірген-шыққан көліктерді түгел тексереді. Төтенше жағдай кезінде тіркеудегі қарудың өзін алып жүруге болмайды. Полиция қызметкерлері азаматтардан 3 аңшы мылтығын және 1 пневматикалық тапаншаны тәркіледі. Жалпы өңірде жағдай тұрақты және күштік құрылымдардың жіті бақылауында. Айта кету керек, бұған дейін наразылық танытқан еңбек ұжымдары да дәл қазір түгелдей жұмыстарына кіріскен.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:«Қазақмыс» , «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Облыста жалпы жағдай тұрақты. Тәртіп бұзушылық жайттар тіркелген жоқ. Құқық қорғау органдары толығымен дайын. Қарағанды қаласында, басқа қалаларда, аудандарда сауда нысандары, басқа да нысандар толығымен жұмыс істеп жатыр.
Облыста жанар-жағармай құю бекеттерінде сұйытылған газ бағасы 70 теңгеден, ал бензин 181-182 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ қаладағы барлық ірі сауда орындары, базарлар, қоғамдық қызмет көрсету орындары штаттық режимде жұмыс істеуде. Банкоматтарды қолма-қол ақшамен толықтыру мәселесі шешілді. Қазір қалыпты өмірді қамтамасыз ететін нысандардың жұмысы ерекше бақылауға алынған. Бұған қоса интернетке мониторинг жүргізіп, арандатушылық ақпаратты таратушылар анықталуда.