«Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлерін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә?! Көптің көңілінен шыққан, жүректің қылында ойнайтын әдемі шығармалардың авторы, күйші, композитор Секен Тұрысбековтың шығармашылық кеші бүгін Астанада өтті.
Қазіргі заманның Құрманғазысы, Дәулеткерейі, Тәттімбеті деп айтсақ артық болмас Секенді. Себебі халық сүйіп тыңдайтын күйлері мәңгілікке мұра болып қалары сөзсіз.
«Көңіл толқыны». Секен Тұрысбеков шығармашылығындағы ең танымал күйі. Бұл туынды 1983-84 жылдар аралығында шығарылған. Оның өзегінде күйшінің орны толмас өкініші мен өксігі. Өйткені, дәл осы жылдары ол қос қарлығашы - Анары мен Жанарынан айырылды. Осылайша, қазақ музыка тарихында өзіндік орны бар, теңдесі жоқ туынды өмірге келді.
Халық пікірі:
Енді «Көңіл толқынын» жұрттың бәрі біледі. Ол халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған.
«Көңіл толқыны» күйінен өте жақсы әсер алдық. Бұл «Көңіл толқыны» адамның жан -жүрегін оятады.
Бұдан бөлек концертте композитордың «Ақ жауын», «Балауса», «Дарабоз» күйлері мен «Аққу сазы», «Ерке құсым», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз», «Шағала» әндері де орындалды. Сондай-ақ, өнерсүйер қауым үшін шығармашылық кеште бұрын-соңды орындалмаған тың дүниелер де болды.
Секен Тұрысбеков, күйші:
Мынау «Бұлғын сусар» халық күйі марқұм Ақселеу Сейдімбек айтатын. «Шіркін-ай, осы «Бұлғын сусар» оркестрге сұранып тұрған секілді»,- деп. Сосын Жақтөренің «Шалқымасы», Ықыластың «Жезкиігі», енді оркестрге не тіленіп тұрады соны ыңғайлап беруге тырыстым.
Бүгінде Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» мемлекеттік оркестрінің жетекшісі. Олардың шығармашылық қоржынында 200-ге жуық күй мен ән бар. Бүгінгі шығармалық кешке көрермен өз бағасын беріп, өнерпаздан қошеметін аямады.
Айдана ҮСЕНБАЙ