Ел тәуелсіздігімен қайта түлеген Наурыз мерекесін, қазір күллі ел болып тойлаймыз. Әсіресе күн мен түннің теңеліп, барша тіршілік атаулының оянатын шағын бүгінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір атаның баласындай атап өтеді. Барын киіп, үй-үйді аралайды, бір-біріне жүрек жарды тілектерін айтады. Әрбір қонаққа наурыз көжеден дәм таттырады.
Достық пен татулықтың, жақсылық пен бірліктің мейрамын биыл Алматыдағы корей диаспорасының өкілдері ерекше тойлады. «Көк аспан ортақ отанымыз» атты театрландырылған қойылым қойып, елдегі ауызбіршіліктің айғағын көрсетті.
Елена Ким 10 жылға жуық корей театрының қоюшы-режиссеры. Алайда көпжылдық тәжірибесіне қарамастан, ол бүгінгі қойылымның сәтті шығуын ерекше күтеді. Сол себепті театр әртістерінің мәтіні мен костюмдерін, сахна декорациясын жіті қадағалап жүр.
Түрлі қиын-қыстау кезеңдерде қазақ халқы талай ұлт өкілдерін бауырына басып, түр -түсіне ажыратпай пана берді. Сондықтан спектаклдың басты мақсаты кең дархан қазақ елінің қонақжайлылығы мен тектілігін көрсету, дейді Елена.
Елена Ким, қоюшы-режиссер:
Менің тегім басқа болғынымен, жаным қазақ деп соғады. Соңғы жылдары елімізде сән-салтанатпен тойланатын Наурыз мерекесі бәрімізді ерекше. қуантады. Себебі Наурыз мейрамы елдегі татулық пен бірліктің айғағы. Қойылым да көктемнің жайма шуағы мен еліміздегі түрлі өкілдердің наурыз мерекесін қалай тойлайтындарын көрсеткіміз келді.
Бүгінгі «Көк аспан ортақ отанымыз» спектаклін сомдауға корей театрының барлық әртістері жұмылды. Бір шаңырақ астындағы башқұрт, татар, әзірбайжан, кәріс, дұңған, орыс елдерінің ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрлерін дәріптеуге асық. Әсіресе, театр квартетінің қазақша шырқаған попурри әндері көптің көңілін марқайтты.
Әртістер спектаклде ұлық мерекенің өзегін айрықша көрсетті. Әсіресе қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының көркін баршаға таныту үлкен жауапкершілікті жүктеді дейді. Болашақта корей диаспорасының жетекшілері екі елдің мәдениетін дәріптейтін қойылымдарды көптеп қойып, Наурыз мейрамын тойлауды дәстүрге айналдырмақ.
Роман Ким, Қазақстан Корейлері ассоциациясының президенті:
Бүгінде Қазақстанды барша әлем экономикасы тұрақты мемлекет ретінде таниды. Себебі Үкімет әр уақытта халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін бағдарламалар әзірлеп, қолдау көрсетеді. Дін мен дәстүрге бөлмейді. Сондықтан қоғам ішінде ауызбіршілік, татулық орнаған. Елді ұйытқан бірліктің көрінісі осы Наурыз мейрамы деп ойлаймын.
Ал мереке соңында корейлер ұлттық тағамдарын ортаға қойып, бір-біріне ізгі тілектерін жолдады.
Әйгерім МУСИНА