Қайтыс болған сарбаздың әкесі: Ұлым елі үшін құрбан болды, көңіліме сол медеу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайтыс болған сарбаздың әкесі: Ұлым елі үшін құрбан болды, көңіліме сол медеу

08.01.2022

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында қаза тапқан қарағандылық қос сарбаз бүгін жер қойнына тапсырылды. Қатардағы жауынгерлердің әскери борышын өтеп жүргеніне небәрі 6 ай ғана болған. Ел басына күн туған сәтте халықтың тыныштығы мен бейбітшілігі жолында өмірін құрбан еткен қос сарбаз мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Мадияр Қайсаров - Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты. Бүлікшілер әскери жүк көлігін қолды етіп, оны сарбаздарға бағыттаған. Сол сәтте Мадияр батыр жанындағы серіктерін итеріп үлгеріп, өзі камаз көлігінің астында қалған.

Оразалы Қайсарұлы, Мадияр Қайсаровтың әкесі:

Қатарластарымның бәрі әскерге кетіп барады, менде барамын. Кейін жоғары оқу орнына түсемін деп кетіп еді. Ол инженер-бағдарламашы болғысы келетін. Суретті керемет салатын. Өте ақылды балатын. Халықты ауызбіршілікке шақырамын. Әсіресе жастарымыз бұзақылыққа бармасын. Ұлым қоғам тыныштығы жолында, елі үшін құрбан болды. Көңіліме медеу сол.

Теріс ниетті бүлікшілердің шабуылына қаймықпай, қасқайып қарсы тұрған тағы бір ұландық батыр - Айбат Аманов. Талдықорған қаласындағы қақтығыс кезінде құқық бұзған басбұзарлардың қолынан қаза тапты.

Қанат Беляков, ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшысының орынбасары:

Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз жарты жылда өздерінің біліктілігін, батырлығын көрсетті. Бұл - сөзсіз ерлік. Ұлттық Ұлан бас қолбасшылығы, ардагерлер кеңесі, бүкіл жеке құрамы әке-шешелеріне қабырғамыз қайысып, көңіл айтамыз.

Ел үшін жанын пида еткен қос батыр өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан қызметтік-жауынгерлік міндеттерін адал орындады. Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы батырларының тізіміне мәңгілікке енді. Есімдері ел жадында.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу