Қарағанды облысында барлық кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында барлық кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұр

08.01.2022

Қарағанды облысында сауда, бизнес нысандарының барлығы, қоғамдық көлік штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық тәртіп бұзушылық жоқ. Қазір сол өңірден тілшіміз Руслан Нұрланұлы телефон арқылы байланысқа шығады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қайырлы күн! Өңірде жағдай тұрақты және бақылауда. Аймақта 6-шы қаңтардан коменданттық сағат енгізілген. Бүгінгі күні қала маңында 8 блок бекеті қойылған. Тәртіп сақшылары кірген-шыққан көліктерді түгел тексереді. Ал түнгі 11-ден бастап көліктердің жүруіне тиым салынады. Коменданттық сағат уқытында халыққа да көшеде бейсауат жүруге болмайды. Қарағандының өзінде түні бойы 50 экипаж қоғам тыныштығын күзетеді. Айта кету керек, бұған дейін наразылық танытқан еңбек ұжымдары да дәл қазір түгелдей жұмыстарына кіріскен


Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

Кәсіпорындарда мысалы «Қазақмыс», «Арселор миттал Теміртау» қазіргі күні барлығы жұмыста. Шахтерлар да, металлургтар да. Облыс бойынша ешқандай проблема жоқ. Жезқазғанда, Сәтбаевта жұмысшылары «Қазақмыс» компаниясының басшыларына талаптарын қойды. Ол талаптар толығымен орындалып жатыр.


Руслан Нұрланұлы, тілші:

Облыста жанар-жағармай құю бекеттерінде сұйытылған газ бағасы 70 теңгеден, ал бензин 181-182 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ қаладағы барлық ірі сауда орындары, базарлар, қоғамдық қызмет көрсету орындары штаттық режимде жұмыс істеуде. Банкоматтарда кезек үлкен. Оларды қолма-қол ақшамен толықтыру мәселесі шешілді. Өңір басшысы өміршендікті қамтамасыз ететін нысандардың жұмысын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ол интернетке мониторинг жүргізіп, арандатушылық ақпаратты таратуды анықтау бойынша тапсырма берді. Облыс әкімі тұрғындарды арандатушылыққа бой бермей, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу