Ұлттық ұлан сапында жүріп қаза тапқан қарағандылық қос сарбаз жерленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық ұлан сапында жүріп қаза тапқан қарағандылық қос сарбаз жерленді

08.01.2022

Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында қаза тапқан қарағандылық қос сарбазды бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров Қызылордадағы 5547 әскери бөлімінде, ал Айбат Аманов Талдықорғандағы 5514 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жүргендеріне небәрі 6 ай ғана болған. Ел басына күн туған сәтте халықтың тыныштығы мен бейбітшілігі жолында өз өмірлерін құрбан еткен қос сарбаз мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Мадияр Қайсаров Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты. Бүлікшілер әскери жүк көлігін қолды етіп, оны сарбаздарға бағыттаған. Сол сәтте Мадияр батыр жанындағы серіктерін итеріп үлгеріп, өзі камаз көлігінің астында қалған.

Оразалы Қайсарұл, Мадияр Қайсаровтың әкесі:

Қатарластарым барлығы әскерге кетіп барады, менде барамын, кейін жоғары оқу орнына түсем ғой деп кетіп еді. Ол инженер-бағдарламашы болғысы келетін. Суретті керемет салатын. Өте ақылды балатын. Халықты ауызбіршілікке шақырамын. Әсіресе жастарымыз бұзақылыққа бармасын. Ұлым қоғам тыныштығы жолында, елі үшін құрбан болды. Көңіліме медеу сол.

Қолбасшылықтан берілген қоғамдық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі тапсырманы орындау кезінде теріс ниетті бүлікшілердің шабуылына қаймықпай, қасқайып қарсы тұрған тағы бір ұландық батыр - Айбат Аманов. Талдықорған қаласындағы қақтығыс кезінде құқық бұзған бұзақылардың қолынан қаза тапты.

Қанат Беляков, ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшысының орынбасары:

Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз жарты жылда міне өздерінің біліктілігін, батырлығын көрсетіп, міне өзінің ерлігі. Бұл сөзсіз ерлік. Нағыз ерліктің өзі. Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы, бүкіл ардагерлер кеңесі, бүкіл жеке құрамы әке-шешелеріне қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз.

Ел үшін жанын пида еткен қос батыр өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, қызметтік-жауынгерлік міндеттерін адал орындады. Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы батырларының тізіміне мәңгілікке енеді. Есімдері ел жадында.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу