Тараз қаласында тероризмнің «қызыл» деңгейі енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз қаласында тероризмнің «қызыл» деңгейі енгізілді

07.01.2022

Тараз қаласында тероризмнің қызыл деңгейі енгізілді. Қазір арнайы әскери операция жүргізілуде.

Кеше әскерилер мен полиция террорлық шабуылды тоқтатты. Арнайы операция кезінде 6 қарулы қылмыскердің көзі жойылып, 69 бүлікші ұсталды. Құқық қорғау органдарының 5 қызметкері жарақат алды, 100-ден астам қызметтік көлік зардап шекті. Қаруланған топқа қарсы полиция, ҰҚК департаменті мен Оңтүстік әскери қолбасшылығының 2000 астам қызметкері, 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 11 блокбекет қойылған. Бүлікшілер блокбекеттерге 4 рет шабуыл жасаған. Барлық көліктер тексеріліп, шетел номерін таққан және басқа өңірлерден келген көліктер анықталуда. ТЖ байланысты облыс әкімі Б.Сапарбаев тұрғындарға үндеу жасап, комменданттық сағат уақыты өзгергенін жеткізді. Бұдан былай кешкі 19:00-ден таңғы 7:00-ге дейін үйден шығуға қатаң тыйым салынды. Осы уақыт аралығында көшеде бейберекет жүргендер болса, бірден ескертпей ұстап әкетеді. Облыс әкімі өз сөзінде жергілікті жұртты мемлекет болашағын, тыныштығын ойлауға, әр отбасы өзінің балаларының болашағы үшін заңды сақтауға шақырды.

Зақым келген нысандардары ертеңнен бастап қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жергілікті билікпен еріктілердің, қоғам белсенділерінің бірлескен жұмыстары жалғасуда. Коммуналдық қызметтер тұрақты жұмыс істеуде.


Хабарламаларға жазылу