Президент жарлығына сәйкес Маңғыстау облысында кеше түнгі сағат 00:30-дан бастап төтенше жағдай жарияланды. Мақсат - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. 19 қаңтарға дейін күн сайын сағат 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейінгі аралықта коменданттық сағат енгізіледі. Аса маңызды стратегиялық нысандардың, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмысын қамтамасыз ететін объектілердің күзеті күшейеді. Облысқа кіру-шығу шектеледі.
Бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынды. Облыс коменданты болып Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев тағайындалды.
Жанарбек Бақтыбаев, Маңғыстау облысының коменданты:
Енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Бұл сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін жасалады. Сздерден арандатушылықтарға және тәртіп бұзушылықтарға жол бермеулеріңізді сұраймын.