Мемлекет басшысы елдегі жауаптылардың жұмысын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы елдегі жауаптылардың жұмысын сынға алды

05.01.2022

Атқарушы билік инфляцияны реттей алмағаны үшін кінәлі. Мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, жауаптылардың жұмысын сынға алды. Сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, оның ішінде - Энергетика министрлігі, «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілгеннен кейін ахуалдың біртіндеп түзелетінін атап өтті.

Сонымен қатар Президент елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылысы өзгермейтінін айтты. Жиын соңында әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді.

Нақтырақ айтсақ:

1. Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу

2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды

3. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу

4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру

5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру

6. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.


Хабарламаларға жазылу