Түркияда былтыр жылдық есеппен алғанда инфляция деңгейі 36,1 пайызға өсіп, дүниені қымбаттатып, халықтың тұрмысын нашарлатып отыр. Осыған орай, президент Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасап, қаржылық ахуалдың мұншалықты қиындауына өкініш білдірді. Және де ол үкіметінің инфляцияны бірсандық дәрежеге түсіруге күш салып жатқанын атап өтті.
Ердоғанның сөзінше, қымбатшылыққа әлем нарығында шикізат бағасының шарықтауы мен лираның 44 пайызға әлсіреуі себеп. Сондай-ақ, Түркия лидері құзырлы органдар бағаның өсуін тексеретінін айтты. Мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлердің жалақысына қосымша қолдау көрсетілетінін хабарлады.
Кейбір экономистердің болжамынша, ақша-несие саясатының бағыты өзгертілмесе, мұнда инфляция көктемге қарай 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал «Trading Economics» зерттеуіне сәйкес, Түркия қазір әлемдегі ең жоғары инфляция бойынша сегізінші орында тұр.
Арыстан Рысбек