Маңғыстау облысындағы 19 автогаз құю станциясында сұйытылған газ төмен бағамен сатылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы 19 автогаз құю станциясында сұйытылған газ төмен бағамен сатылып жатыр

04.01.2022

Әлемдегі басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда сұйытылған газ арзан сатылуда. Сарапшы Олжас Байділдинов осылай дейді. Оның пікірінше, көгілдір отынның отандық нарықтағы бағасы газ өңдеу зауыты үшін тиімсіз. Жарты ғасыр бұрын іске қосылған кәсіпорынның құрал-жабдықтары әбден ескірген. Өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік жоқ, ал сұйытылған газға сұраныс жыл сайып көбейіп келеді. Бұл ретте нарықтағы баға сұраныс пен ұсынысқа сай қалыптасады дейді ол.

«Global Petrol Prices» мәліметі бойынша Әзербайжанда сұйытылған газ литрі - 166 теңге, Ресейде – 182, Қырғызстанда – 203, Беларусьте – 212, Грузияда – 275, Украинада – 303 теңге.

Біздің елде баға төмен болғандықтан, бұл өнім заңсыз жолмен шекара сыртына шығарылып жатқанын айтты. Бірақ заңсыз экспортты тоқтатудан саладағы проблемалар толық шешілмейді.

Олжас Байділдинов, сарапшы:

Шекараны жауып, осы жағдайдың себебімен емес, тек салдарымен күресеміз. Ішкі нарықтағы баға компания үшін тиімсіз. Жаңа өндіріске инвестиция салуға мүмкіндік бермейді. Соңғы 20 жылда елімізде жаңа мұнай және газ кен орны жоқ. Өйткені инвесторларды ішкі нарықтағы баға және Қазақстанда белгіленген мөлшермен қамтамасыз ету бойынша міндеттеме қызықтырмайды. Әлемнің барлық елі бағаны либерлизациялаумен нарықтық экономикаға бет алған. Ал Қазақстан - әлемдік экономиканың бір бөлшегі.

Осы ретте Маңғыстау облысындағы 19 автогаз құю станциясында сұйытылған газ төмен бағамен сатылып жатқаны хабарланды. Қаңтардың алғашқы күндері көгілдір отынның 1 литрі Жаңаөзен қаласында 65, облыстың басқа қалаларында 79 теңге деңгейінде сақталған.

Қазіргі уақытта корпоративтік клиенттер газды талон мен отын карталары арқылы алып жатыр. 10-12 қаңтарда қосымша газ жеткізіліп, жеке тұлғаларға шектеусіз сатылады деп күтілуде.


Хабарламаларға жазылу