Оралда апатты жағдайдағы үй мен мектеп бұзылып, орнына салынған нысандар ел игілігіне берілді. Жаңа жыл қарсаңында жаңа пәтерге ие болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Тоғыз қабатты үйде 64 пәтер бар. Бұрынғы баспаналары 30-40 шаршы метр болса, жаңа пәтер ауданы одан екі есе үлкен. Жаңа үйдің бірінші қабатынан аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашылмақ.
Райхан Балағадинова, қала тұрғыны:
Қуанышымыз құшағымызға сыймай жатыр. Бәріңізді жаңа жылыңызбен құттықтаймын. Екі бөлмелі үй. 20 жыл күттік. 2007 жылы апатты деп танылды, содан бері беріліп жатқан үй.
Сондай-ақ, қалалық 33 мектептің бұрынғы апатты жағдайдағы ғимараты бұзылып, орнына 300 орындық жаңа білім ордасы ашылды. Жаратылыстану-математика бағытындағы мектепте балалардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Қазір мұнда 540 бала оқиды.