Биыл мәжілісте 80 заң жобасы қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл мәжілісте 80 заң жобасы қаралды

29.12.2021

Қазақстанда әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі өзгереді. Жаңа заң жобасында қайтыс болған әскери қызметшінің, арнаулы орган қызметкерінің отбасы мүшесіне қызметтік баспананы жекешелендіру, ақшалай өтемақы алу, айырбастау құқығын беру нормасы бар. Бұдан бөлек, қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіруге мүмкіндік берілмек. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында осы және басқа да бірқатар заң жобасы қаралды. Жиын соңында спикер Нұрлан Нығматулин палатаның биылғы сессияда атқарған жұмысқа қорытынды жасады. Жыл басынан бері депутаттар 80 заң жобасын қараған. Олардың 39-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілген. 25 заңға Мемлекет басшысы қол қойды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Біз қабылдаған әрбір құжат – ол ең алдымен, еліміздің экономикасын арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын, соның ішінде, өнеркәсіп, денсаулық, білім салаларын жақсартуға арналып келеді. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес, экология мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Осының барлығы, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық тапсырмаларын және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етуге бағытталып отыр.


Хабарламаларға жазылу