Сирия сергелдеңін көргендердің алдыңғы легі бостандыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирия сергелдеңін көргендердің алдыңғы легі бостандыққа шықты

29.12.2021

Сирия сергелдеңін көргендердің алдыңғы легі бостандыққа шықты. Петропавл әйелдер колониясында жазасын өтеген екі адам үйіне оралды. 6 кезеңмен ұйымдастырылған «Жусан» операциясы барысында елге Сирия мен Ирактан 157 әйел қайтарылған еді. Оның 18-і қолдарына қару алып, террорлық ұйымға мүше болғаны үшін сотталды. Жат ағымның жетегінде кеткендер қайтадан қоғамға қауіп төндіруі мүмкін бе? Оларды темір тор түзете алды ма? Әріптесім Эльмира Кәленова тарқатсын.

Алматылық Жазира Асанованың балаларын көрмегеніне екі жыл. Түрмеге түскелі ұл-қыздарымен бейнебайланыс арқылы алғаш рет сөйлесуі. Перзенттерімен қауышатын күнді аңсайды. 8 жыл мерзімнің әлі алтауы бар. Жазасын өтеуші - дарынды балаларға арналған физика-математика мектебінің түлегі. Жоғары оқу орнына түскенімен, аяқтамаған. Тұрмыс құрып, күйеуімен бірге Египетке барған, одан Сирия асқан. Шам елінде өзін-өзі қорғау және қару ұстау дағдыларын меңгерген.

Жазира Асанова, жазасын өтеуші:

Сирияға барып көп нәрсені жоғалттым. Біріншіден, адастық. Екіншіден күйеуімді жоғалттым. Құрбым қайтыс болды. Екі баласы жетім қалды. Менің қасымда болды, басында. Бір себептермен кішкентай баласы ауырып, ол да қайтыс болды. Үлкен баласы бізбен бірге Қазақстанға оралды.

Аяғын шалыс басқандардың бірі - Жансая Таңатарова. Радикалдардың ықпалымен зорлық-зомбылық акциясын ұйымдастыруды жоспарлаған. Террорлық ұйым өкілдерімен байланыс орнатып, Шам еліне кетіп бара жатқан кезінде шекарада ұсталған. 2017 жылы Сирияға жетпестен,түрмеге түскеніне қуанады.Тар қапаста әлі 6 жыл отырады. Жазасын өтеп шыққан соң жоғары білім алғысы келеді.

Жазира Асанова, жазасын өтеуші:

Адасып, алданып жүріп шоқ басқан адамдарға теологиялық көмек көрсеткім келеді. Әйелдерге, балаларға және мен соған дайындық үстіндемін қазір. Себебі сүріндім, құладым, бірақ тұрдым.

Петропавл түрмесінде терроризм бабы бойынша сотталған 3 әйел жазасын өтеп жатыр. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылған. Олармен психолог, теолог мамандар жұмыс істейді.

Әйгерім Қасенова, теолог:

Сотталғандардың санасын жаңғырту үшін жылдар қажет болуы мүмкін. Барлығы адамның өзіне, түскен ортасына байланысты. Жазасын өтеушілер түрлі тестен өтіп, олардың радикалдық көзқарастан қаншалықты арылғаны анықталады. Жастардың мұндай жолға түсіп кетуіне көбіне ақша себеп. Себебі ұйымға неғұрлым көп адам шақырғандарға соғұрлым көп қаржы төленеді

Қазақстан өз азаматтарын соғыс аймағынан қайтарған санаулы мемлекеттердің бірі. 2019 жылдан бері «Жусан» операциясы бойынша 607 адам елге оралды. Оның 50-ге жуығы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатса, екеуіне қатысты тергеу жүргізілуде. Елге оралған 413 баланың 34-і - жетім.


Хабарламаларға жазылу