Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ТМД басшылары бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ТМД басшылары бас қосты

28.12.2021

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ТМД басшылары бас қосты. Санкт-Петербор қаласындағы бейресми, яғни галстуксыз жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы барды. Достастық елдерінің көшбасшылары бетпе-бет жүздесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарды таразылады. Ал қазақ еліне келер жылы ТМД аясында жауапты міндет артылып отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Тарихи шахар Санкт-Петербор талай шежірелі оқиғалардың куәсі болған жер. Мына зәулім ғимарат «Исаак соборын» осыдан үш ғасыр бұрын орыс императоры Петр бірінші өзі қалап кеткен. Бірнеше мемлекеттің күйреуі мен қайта түлеуі, өрт пен соғысты бастан кешірді. Ал бүгін дәл соның жанындағы «Ельцин» кітапханасында тарихтың жаңа парақтары жазылып жатыр.

Бұл жиынның жөні бөлек. Себебі көптен бері мемлекет басшылары осындай кең құрамда бас қоспаған еді. 9 бірдей елдің көшбасшысы бір үстелдің басына жиылды. Осыдан екі жыл бұрын да жаңа жыл қарсаңында президенттер дәл осы Санкт-Петерборда бас қосқан еді. Әрі биыл ұйымның 30 жылдық мерейтойы. Орда бұзған достастық ұйымының бағындырған белесі де, алда атқарар жұмысы да аз емес.

ТМД-ға қазір 11 мемлекет мүше. Украина ұйымның қатарында болғанымен Ресейге Володимир Зеленский келмеді. Қазір екі славян елінің арасы алшақ боп тұр. ТМД аумағындағы келіспеушілік бұл ғана емес. Әзербайжан мен Армения да қақтығысып, әзер дегенде бітімге келген. Қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тараптарды әрдайым бейбітшілікке шақырып, мәселені келіссөз үстелінде шешуге шақырады. Бүгінгі жиын да осындай күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатуға жақсы мүмкіндік. Бейресми саммит деп аты айтып тұрғандай жиынның күн тәртібіне нақты тақырып қойылған жоқ. Есесіне ел басшылары өзекті мәселелерді қозғап, талқыға салды. Ал қазіргі таңдағы нөмірі бірінші тақырып бұл коронавирус. Саммитте Ресейдің бас санитары баяндама жасап, қазіргі ахуалды баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында біз биологиялық қауіпсіздік туралы келісімге қол қойдық. Қиын кезеңде көмегін ұсынған Ресейге алғысымды білдіргім келеді. Келісімге сәйкес Қарағанды қаласында ресейлік Спутник Ви вакцинасының өндірісін жолға қоя білдік. Осы Спутник екпесінің арқасында коронвирустың негізгі толқынын тоқтатуға қол жеткіздік. Осы орайда менде баяндамашыға сұрағым бар. Қазір елдің ауызында Омикрон сөзі жүр. Осы жаңа штамның дендеуіне қалай қарауымыз керек? Жалпы ортақ әрекеттің перспективасы қандай болмақ? Омикроннның қаупіне байланысты сіздің болжамыңыз қандай?

Анна Попова, Ресей федерациясының бас санитар дәрігері:

2020-жылы коронвирус өзгерген жоқ. Алайда жыл аяғында Оңтүстік Африкада оның мутацияланған түрі тіркелді. Вирустың өзгеруі, құбылуы қалыпты нәрсе. Бұл вирус тез тарайды. Бірақ біздің байқағанымыз көп адамда оның ауыр зардабы байқалмайды. Дегенмен вакцина салдырмағандарға оның қаупі жоғары.

Келер жылы ТМД елдерінің бірлесіп шешетін мәселелері аз емес. Пандемия қыспағы әлсірегенімен экономиканың даму қарқыны баяу. Экстремизм мен терроризмнің де қаупі сейіліп тұрған жоқ. Владимир Путин ұйымды құру ұтымды шешім болғанын уақыттың өзі көрсеткенін айтты.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

0 жылда талай дүние өзгерді. Осы орайда ұйымды құру ұтымды шешім болғанын тағы бір мәрте атап өткім келеді. Көптеген бағыт бойынша интеграция тереңдей түсті.

Ресми жарты сағаттан соң президенттер жабық есік жағдайында жиынды жалғастырды. Оның да басты тақырыбы жаханды жайлаған пандемия болғаны ықтимал. ТМД елдері вакцина паспорттарын өзара тануды жеделдетуі тиіс. Бұл азаматтардың емін-еркін жүріп тұруына әрі іскерлік байланысты жандандыру үшін қажет. Қазан айында Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестеріне осындай ұсыныс білдірген еді. Сарапшылар да бұл жұмысты жеделдету керек деген пікірде. Сонымен қатар қазақ басшысының жасыл энерегетиканы дамыту жайлы ұсынысы да үлкен қолдауға ие боп жүр. Себебі ғаламдық жылыну процесін тоқтатпаса, 2040-жылға қарай ғалам үлкен катастрофалармен бетпе-бет келуі мүмкін.

Юрий Зайцев, Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің даму жөніндегі директоры:

Энергияны үнемдеп пайдалануымыз керек. Қазақ басшысы да Ресей президенті де бұл тақырыпты жиі қозғап жүр. 2060-жылға қарай елдеріміз көміртегі бейтараптығына ұмтылып жатыр. Бұл құптарлық бастама. Себебі бізден кейінгі ұрпаққа да көміртегі шикізаттарын қалдыруымыз керек. Оның үстіне бұрынғы Кеңестік зауыттар барлық елдерде бар. Оларды заманауи талапқа сай жаңғыртуымыз қажет. Бұл тек ұйым мемлекеттері үшін ғана емес, тұтас адамзатқа маңызды нәрсе. 

ТМД мемлекеттері табиғи және экономикалық мол мүмкіндікке ие. Оның аумағы жалпы құрлық көлемінің 16 пайызын алып жатыр. Яғни, Оңтүстік Америка, Австралия, Антарктида құрлықтарының территориясынан үлкен. Дүниежүзілік мұнай қорының 25 пайызы, табиғи газдың 35 пайызы, көмір мен орман алқабының 25 пайызы осында. Жер шарындағы халықтың 5 проценті ТМД аумағында қоныстанған. Дегенмен достастық елдері арасындағы сауда-саттық әзірге мәз емес. Халықаралық ұйымның дерегінше аймақ-ішілік алыс-беріс 91 млрд доллардан сәл ғана асады. Бұл әлемдік сауданың 1 пайызына да жетпейді. Бірақ аймақтың әлеуеті зор дейді сарапшылар. Бүгінгі жиын сауда-саттықтың қыза түсуіне серпін береріне сенім мол.

Аза Мигронян, Посткеңестік зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері:

Бүгінгі таңда ТМД-ның дамуына Орталық Азия елдері тың серпін беруі мүмкін. Себебі аймақта интеграциялық жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Әсіресе қазақ-өзбек байланысы жанданып жатқанын байқадық. Достастықтың басқа да елдері осыдан үлгі алса бәріне тиімді болар еді. Сондай ақ кедендік, салықтық кедергілерді азайтса елдер арасындағы алыс-беріс те көбейіп, халықтың табысының артуына септігін тигізеді.

Әлемдік экономика әлі де әлсіз. Геосаяси қақтығыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты жаһан экономикасының еңсесін көтеруге кедергі келтіріп тұр. Әркім жылы көрпені өзіне тартып қалуға бар. Көз ілеспес өзгерістер боп жатқан жахандану заманында мемлекеттерге бірлесе қам-қарекет жасап, достық көпірін бекіте түскен абзал. Бүгінгі жиын соның айқын көрінісін

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Иә бүгін мына залда мемлекет басшылары достастық елдері мен бүкіл әлем үшін маңызды мәселелер бойынша ашық пікірталас жүргізді. Ал келер жылы Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық етеді. Өңірлік және халықаралық саясат сахнасында белсенді мемлекет ретінде біздің ел жаңа бастамалардың негізін қалауға ниетті. Ол үшін арнайы тұжырымдама да әзірленіп жатыр. Оның негізгі мақсаты аймақтағы ынтымақтастықты бекіту болмақ.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу