Батыс Қазақстанда тәулік бойы соққан ақтүтек боранның салдарынан бірнеше тасжол жабылып, электр желісі істен шықты. Қазір өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы бізбен байланысқа шығады. Ардақ, бораннан кейінгі қазіргі жағдай қалай?
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Тәулік бойғы боранның салдары көлік қозғалысын қиындатты. Қазір барлық жол ашық, дегенмен, 24 көлік пен ондағы 40 адам қар құрсауынан құтқарылды. Электр желілері үзіліп, істен шықты. Мысалы, қазір Орал қаласының бір бөлігі мен облыстың 6 ауданындағы 20-ға тарта ауыл әлі жарықсыз отыр. Сондай-ақ кеше жерасты суын тартатын насос та бұзылып, тұрғындар жарты күн сусыз отырды. Күшті желдің кесірінен қалада төртінші шағынауданда бесқабатты бір үйдің және Чапай кентінде колледж ғимаратының, Успеновка ауылында Мәдениет үйінің шатыры ұшты. Зардап шеккендер жоқ. Коммуналдық мекемелер түннен бастап жол тазалауға кірісті. Дегенмен қардан аршылмай жатқан аудандар әлі бар.