«Qazaqstan дауысы» жобасының финалында 4 үміткер бақ сынайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan дауысы» жобасының финалында 4 үміткер бақ сынайды

24.12.2021

«Qazaqstan дауысы» - әлемнің 100 елінде көрсетілген әйгілі «The Voice» телешоуының қазақстандық нұсқасы. Жобаға ұзын-саны 6 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде өзге мемлекеттен арнайы келген таланттар да болды. Жарты жылға жуық көрерменін қуантқан бағдарлама күні ертең өз мәресіне жетеді.

Ақниет Балтанова, тілші:

Ұлттық арна эфирінен маусым бойы көрерменнің көзайымына айналған «Қазақстан дауысы» жобасының ертең финалы. Иә, сайдың тасындай үздіктердің үздігін, ең мықтыларды іріктеп алған жобаның 17-ші шығарылымы ерекше болмақ. Ал жеңімпазды сіздер мен біздер бірге анықтаймыз.

Финал жақындаған сайын, тартыс та қыза түспек. Қазір қатысушылар алдағы жауапты сәтке барын салып, дайындалып жатыр.Финалистер тікелей эфирде 2 бірдей ән шырқайды. Оның бірін тәлімгерлерімен бірге орындайды. Яғни тәлімгерлер де бір-бірімен бәсекеге түспек.

Құралай Мейрамбек, «Qazaqstan дауысы» жобасының қатысушы:

Дайындық өте жақсы, көңіл-күй керемет. Финалға жеттік, қобалжу бар. Қимастық та бар.

Сәуір айынан бастап онлайн, оффлайн іріктеуі басталған жобаға 6 мыңнан астам адам өтініш берген. Олардың ішінде «көрмей таңдау» кезеңіне 100 шақты үміткер өтті. Одан соң қатысушылар «жекпе-жек», «жарға жығу» кезеңдерінде бақ сынап, финалға 4 тәлімгердің 4 үздік шәкірті жолдама алды.

Аида Тілеухан, «Qazaqstan дауысы» жобасының продюсері:

Іріктеуден өткен қатысушылардың барлығы да талантты әрі көрерменнің жүрегінен орын тауып жатыр. Оны көрсеткіштер мен рейтинг те растап отыр.

«Қазақстан дауысы» жобасы финалистердің ғана емес, барлық қатысушының жұлдызын жақты. Бірі сахнаға төселіп, тәжірибе жинаса, енді бірінің халық арасында танымалдығы артты. Сондықтан жобадан үйренгеніміз көп дейді қатысушылар.

Ернар Амандық, «Qazaqstan дауысы» жобасының қатысушы:

Осы сахнаға үйреніп, төселу – менің алғашқы мақсатымның бірі болатын. Финалға өтем деп те ойлаған жоқпын. Шокта болдық. Жартылай финалдың өзіне уау деген адаммын ғой.

Жеңімпазды дауыс беру арқылы көрермен анықтайды. 5708 нөмірін теріп, қатысушының реттік санын жіберіп, «Қазақстан дауысын» бірге таңдайық. Ең үздік ән бәйгесінің шешуші сәтін ертең сағат 20:40-та Ұлттық арнадан өткізіп алмаңыз.


Хабарламаларға жазылу