Мақсұт Неталиев. «Наурыз» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақсұт Неталиев. «Наурыз»

18.03.2014
Мақсұт Неталиев.  «Наурыз»
Наурыз -  жылдың басы!
Кектем басы!
Ежелден оған куә - өткен ғасыр!
Ақ шуақ - адамзаттың мейірімі де,
Ақ жаңбыр - табиғаттың төккен жасы.
 
Наурыз - мұсылманның бір белеңі,
Наурыз - арулардың гүл желегі.
Жер-Ана ақ халатын шешіп тастап,
Бұл күні ғажайып бір түрге енеді.
 
Наурыз – құт-береке!
Ұлыс күн – халқымыздың тыныштығы!
Қазақтың аспанында желбірейді,
Тәуелсіз еліміздің күміс Туы!
 
Наурыз – адамдарға не береді?
Бұл айда Күн менен Түн теңеледі.
Жер көктеп, ағаш гүлдеп көгереді,
Болады кемпір-шалдар немерелі…
 
Қой қоздап, қошақандар маңыраған,
Жайлауды толтырады - қаңыраған!
Ақ қанат махаббаттар отау тігіп,
Әр үйдің шат қылады шаңырағын!
 
Наурыз - әрбір үйге еркін кіріп,
Жүреді жұрт біткенді желпіндіріп!
Сырласып, табысады үлкен-кіші…
Бір-бірін туыс қылып, төркін қылып.
 
Бұл күні барша халық сауық құрып,
Санадан жоғалады - қауіптілік!
Жасартып жан біткенді жібереді,
Көктемнің ақ жаңбыры жауып тұрып.
 
Жайылып ақ дастарқан - қонақасың,
Қамқоршы бір-біріңе, бол Алашым!
Жасасын Жаңа жылың,
Жарқын тойың,
Жаныңа еш жамандық жоламасын!
 
Мақсұт НЕТАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу