Жылуға жарымаған кентаулықтар әкімдіктен көмек сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылуға жарымаған кентаулықтар әкімдіктен көмек сұрады

24.12.2021

Түркістан облысы Кентау қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғындары жылу ақысын төлемеуге бекінген. Олардың айтуынша 20 жылдан бері көпқабатты баспанадағы жылу мардымсыз. Үйдің суықтығынан балалар мен егде жастағы адамдар қат-қабат киініп жүреді, жиі ауырады. Тіпті кей пәтерлердің қабырғасы көгере бастаған. Амалы таусылған кентаулықтар әр бөлмеде бір-бір тоқ пешін пайдалануға мәжбүр.

Дәметкен Ырысдәулетова, Кентау қаласының тұрғыны:

Маңдайым терлеп көрген емес бұл үйден. Оранып отырамыз. Жуына да алмаймыз. Шешініп те жата алмаймыз. Гриппен ауырып өзім жақында тұрдым.

Құралбай Исабек, Кентау қаласының тұрғыны:

Міне светтің оплатасы керек десеңіздер - 24603 теңге. Өткен айдағы оплата. Мына домның бәрі тоқ пеші светпен күн көріп отыр. Ол да кейінгі уақытта өшіп қалатынды шығарды. Барлығы 24, 20 мың, кемі 18 мың төлейді осында тұратындардың.Енді жылуға не деп төлеміз.

Ал, жауапты мекемеге шағымданып барғанымен нәтиже шықпаған. Тұрғындар ашынғаннан әкімдікке жиналып тағы барды. Қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары арнайы комиссия құрып, проблеманы бір аптада шешіп беруге уәде етті.

Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір комиссиямен басына шығамыз. Тұрғындардың айтуы бойынша подача келіп тұр, обратка жоқ дейді. Оның басты шешімі үйдің ішіндегі стояктарды ауыстыру. Стояктан болатын болса 1 аптаның ішінде шешілетін жұмыс. Тұрғындардың ұйымдаcуына байланысты.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу