Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі қайдан шыққан? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі қайдан шыққан?

18.03.2014
Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі қайдан шыққан?
Наурыз  - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы.  Бұл мейрам диқаншылықпен айналысатын парсы тілдес Орталық Азия халықтарының егіс өсіру науқаны басталғанын мерекелеу дәстүрінен шыққанКөне парсы тілінде «жаңа күн» деген мағына береді.
 
Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келеді.
 
2010 жылдың 10 мамырынан бастап, БҰҰ  Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні болып аталды.
 
Ал UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне кіргізді.
 
Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан  бар. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған.
 
Қазақстанда Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында аталып өтеді. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ерлер бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Көпшілікке арналып әр үйде наурыз көже дайындалады.
 
Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас, ағайын, дос-жаранды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген.
 
Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл күні алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

Хабарламаларға жазылу