Батыс Қазақстанның Сырым ауданы Алғабас ауылында түрлі ұлт аспаптарынан кәдесый жасайтын шебер тұрады. Оның туындылары Ұлттық музейде, елшіліктерде сақтаулы. Тіпті Экспо көрмесінде көптің назарына ұсынылды. Қарапайым мұғалімнің таңғажайып туындылары жайлы Ардақ Мұратқызы баяндайды.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Бұл - «Ынтымақ әуені» деп аталатын композиция. Мұнда 30-ға жуық ұлттың аспаптары топтастырылған. Мысалы, мынау тар деп аталатын кавказ халқының аспабы. Жалпы осы туындының түпнұсқасы Ұлттық музейде сақтаулы тұр.
Бұл жұмыстың авторы - қарапайым мектеп мұғалімі, бесаспап шебер Нұрболат Хабиев. Бұдан бөлек, "Бақыт шаңырағы", "Ұлы дала", "Ата мұра" секілді қолөнер бұйымдары да көздің жауын алады. Шебер іске кіріспес бұрын, сомдайтын туындысын ой елегінен өткізіп алады.
Нұрболат Хабиев, шебер:
Бәрін оқып, тарихты шамалап біліп, сосын композицияға кірісу керек. Тарихпен байланыстыру керек. Мынаны бірден басқанда ұқыптылықпен күйдіріп басу керек. Осының бәрі баланың саусақ маторикасына, ептілікке, жүйкесіне әсер етеді. Бәрін нүктелеп отырып күйдіреміз. Оған шыдамдылық керек.
Шебер өз білгенін талапты балаларға да үйретеді. Ауыл мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Сенбі-жексенбіде қосымша үйірмесі тағы бар.
Мұхамбетәлі Сисенов, оқушы:
Мен қазір домбыра жасап отырмын, қазақтың ұлттық аспабын. Біз 5-сыныптан бастап осылай ағашпен жұмыс істейміз. Маған еңбек сабағы өте қатты ұнайды. Қайыспен ,де жұмыс жасаймыз.
Шебердің көп шәкірті өнерде өз жолын тауып, кәсібін нәсіп еткен. Қазір әріптесі боп қатар жүргендер де ұстазының өнерін жоғары бағалайды.
Нұрболат Жұмағазиев, шәкірті, мектеп мұғалімі:
Нұрболат ағайдың көрмесімен мақтанамыз. Бүкіл облыс, республика көлеміндегі танымал адамдар ауданымызға келсе, сый ретінде тарту етіледі. Қазақтың біртуар әншісі Димаш Құдайбергеннің үйінде ағайдың жұмысы төрінде тұр. Телефонға телмірген заманда үйірмеге тартып, қанша жарнамаласаң да, бала келмейді ғой. Ал ағайдың жұмыстарын көріп, баланың өзі де тартылады.
Бір қызығы, туындысын сатпайды, қолтаңбасын да қалдырмайды. Қарапайым шебердің өзі кішкентай ауылда тұрып жатса да, төл бұйымдары ЭКСПО-да көрмеге қойылып, тіпті шетел асып жатыр.
Ардақ Мұратқызы