Анкарада қазақ-түрік бауырластығына арналған саябақтың іргетасы қаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада қазақ-түрік бауырластығына арналған саябақтың іргетасы қаланды

20.12.2021

Тәуелсіздік мейрамына орай, Анкарада қазақ-түрік бауырластығына арналған саябақтың іргетасы қаланды. Аумағы 14 мың шаршы метрге жуық саябақтың бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, мұнда отырғызылатын ағаштың барлығы Қазақстаннан әкелінген. Екіншіден, мұнда қазақтың біртуар азаматтарының ескерткіштері бой көтермек. Бұдан бөлек саябақта балалар ойнайтын алаң, веложолдар және дәмхана салынады. Ол дәмханада қазақтың ұлттық тағамдарын даярлау жоспарланып отыр.

Мұрат Көсе Өз, Анкара қаласы Мамак муниципалитеті басшысы:

Саябақта ұлттық тағамдар дайындайтын, сәулеті киіз үйге ұқсас дәмхана ашпақпыз. 2022 жылдың жазына дейін аяқтап, түбі бір түркі елдерінің мерекелік шараларын осы жерде атап өтсек дейміз. Мыңжылдық бауырлас халықпыз. Түркістан - біздің атажұртымыз. Сондықтан осындай маңызды күнде Қазақстанға саябақты тарту етіп отырмыз.

Тәуелсіздік мейрамына арналған тағы бір шара Анкараның Кечиөрен ауданында да өтті. Мұнда спортшы Тимур Спатаев үстіне он адам мінген көлікті тісімен сүйреп халықты таң қалдырса, қазақ өнерпаздары концерт қойып, мерекенің көркін қыздырды. Аудан әкімі сондай-ақ жақында Елбасы атындағы үлкен саябақ ашылатынын айтты.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу