Сегізінші «Алтын адамның» реконструкциясының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сегізінші «Алтын адамның» реконструкциясының тұсаукесері өтті

15.12.2021

Ұлттық музейде Тасқопа сармат қорғанынан табылған сегізінші «Алтын адамның» ғылыми реконструкциясының тұсаукесері өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен шара Тәуелсіздік күніне орайластырылды. Бұл жәдігер- мереке қарсаңында халыққа ұсынылған тамаша тарту іспетті. Кезекті «Алтын адамның» ерекшелігі қандай? Тілшіміз тарқатады.

Археолог-ғалым Арман Бисембаевтың жетекшілігімен Ақтөбе облысының Тасқопа қорымында қазба жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Нәтижесінде сармат көсеміне тиесілі әшекейлер мен көне жәдігерлер табылды. Ал ең ауыз толтырып айтар жаңалық - сегізінші «алтын адамның» бөліктері жинақталған. Әрбір бөлікті зерттеп, образын нақты беру үшін ұзақ әрі тыңғылықты жұмыстар атқарылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық Музейінің директоры:

Қазір біздің археолог-реставраторлар бүкіл жерді тұтасымен зерттейді. Оны лабораторияға әкеліп, зерттейді. Адамның шашы-ең бірінші коды, өмір баянын береді. Бұрындары топырақпен бірге, адамның киімдері де үгітіліп кете барған. Қазір соны қалпына келтіру үшін бізде керемет зертхана бар, керемет мамандар бар.

Зерттеу барысында сегізінші «алтын адамның» жауынгер әрі көсем қолбасшы болғаны анықталды. Кейбір заттары тоналғанымен, белдігі, қорамсабы, қылышы мен жебесі сақталған. Соған сүйене отырып, «Алтын адамның» бейнесі нақтыланды. Мүсіннің суретші-реставраторы - Болат Атыраубаевтың айтуынша, дәл осы образды дайындауға 4 жарым мыңға жуық алтын жалатылған элемент қолданылыпты.

Болат Атыраубаев, сегізінші «Алтын адамның» суретші-реставраторы:

Тарихи деректерді пайдаланып, оргиналдарға сүйеніп, әрбір милиметр, салмағын өлшеп, үлкен жұмыс жасағанбыз. Бойы 185-тің шамасында, жасы 45-50-дің шамасында. Көп шайқас көрген, мына образ сол шайқастан келіп отырған беті. Қолында қылышы, қамшысы бар.

Айта кетейік, мұның алдындағы 7- «Алтын адам» Шығыс Қазақстанның Елеке сазы жазығынан табылған еді. Ғалымдар оны шамамен 17-18 жастағы бозбала, бекзада немесе ханзада болуы мүмкін деп болжады. «Елеке сазынан» талай ерекше жәдігерлердің табылғанына да куәміз. Ал сегізінші «Алтын адамның» Тасқопа қорғанынан шығуы– батыс өңірдің де тың дерекке толы екенінің айғағы.


Хабарламаларға жазылу