Анкарада суретші Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік - тірегім, құдіретім - қылқалам» атты көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада суретші Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік - тірегім, құдіретім - қылқалам» атты көрмесі өтті

14.12.2021

Түркия астанасының тұрғындары қазақтың көне тарихымен, ескі өмір салтымен танысты. Бұған Анкарада Қазақстан тәуелсіздігінің мерейтойына орай ұйымдастырылған суретші Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік - тірегім, құдіретім - қылқалам» атты көрмесі себеп болды. Қазақстанның елшілігі өткізген шарада сондай-ақ, қылқалам шеберінің өнер туындылары туралы альбом-кітабы мен түрік жазушысы Мүрсел Гүндоғдының «Фараби» кітаптары да көпшілікке таныстырылды. Бұл еңбекте екінші ұстаз әл-Фарабидің өмірі мен шығармалары оқырманға көркем әдебиет тілінде баяндалады. Шараға жиналғандар көрмеге қойылған суреттер арқылы Қазақ елінің өткені мен бүгіні туралы түрлі мағұлматтарға қанықты.

Жанұзақ Мүсәпір, суретші:

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына әрбір қазақ баласы, әрбір қазақстандық өзінің үлесін қосуға тиіс деп ойлаймын. Біреуі музыкада, біреуі физикада біреуі ауыл шаруашылығында өз үлестерін қосып жатса, мен енді өнер саласында жүргендіктен өз үлесімді осы бейнелеу өнері арқылы көрсеткім келді. Бұл да біздің Қазақстанның түркі әлеміндегі бір көрінісі ғой деп ойлаймын.

Мүрсел Гүндоғды, жазушы:

Өкініштісі сол өзіміздің әл-Фарабидің өмірі мен еңбектері жайында бізден гөрі батыс жұрты жақсы біледі. Кітапты шығару арқылы осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстық. Бұл шығармам түрік оқырмандарына, әсіресе жастарға әл Фарабидің бұрын танылмаған қырларын ашады деп ойлаймын. Осылайша жастар өздерінің шыққан тектерін ұмытпай, оны мақтан тұтады деп сенемін.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу