«Astana ballet» театры Алматыда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana ballet» театры Алматыда

14.03.2014
«Astana ballet» театры Алматыда

«Astana Ballet» тұңғыш рет Алматы сахнасына шықты. Жас театр ұжымы екі күн бойы  қала тұрғындарына ұлттық және әлемдік хореография өнерінің озық туындыларын көрсетпек.

 
Бүгін Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында көрермендер «Құс жолы» атты концерттік бағдарламаны тамашалады.
 
2012 жылдың тамыз айында «Astana Ballet» театрының тұсауы кесілген еді. Тәй-тәй басқан театр 1,5 жылдың ішінде Қытайдың бірнеше қалсын аралап үлгеріпті.
 
Ал, еліміз бойынша гастрольдік турнесін 14-ақпанда Шығыс Қазақстаннан бастап, міне, бүгін Алматыға ат басын тіреді. Концерттік бағдарламада көрсетілетін 17 хореографиялық композиция түрлі жанрды қамтиды.
 
Айгүл Әбікенқызы, «Astana Ballet» театрының бас балетмейстері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
Шетелдің және өзіміздің жетекші балетмейстерлердің үздік қойылымдарынан бағдарлама жасадық. Біздің бағдарламаны әлемнің ұлттық билері мен классикалық үлгідегі  және заманауи үлгідегі билер құрайды.
 
«Арулар шеруі». Бүгінгі концерт аталмыш қойылыммен, қазақтың ұлттық биімен ашылды.   Ұжымның түрлі жанрларды бір арнаға тоғыстыра білген репертуары әлем халықтары билерінің бояуын қанық көрсетеді.
 
Бұл - қазақ, түрік, үнді, қытай, сонымен қатар, әлемдік классиканың жасампаз жауһарлары. Өнер ұжымының тағы бір ерекшелігі – театр әртістері тек қыздардан құралған. Дені - Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің үздік түлектері.
 
Зере Исмаилова, «Astana Ballet» театрының солисі:
Алматыда билеу біз үшін өте жауапты іс. Себебі, мұнда қарапайым көрерменнен бөлек, балет өнерінің сыншылары әрі біздің ұстаздарымыз жиналды. Біз олардың алдында өзіміздің өскенімізді, жан дүниеміздің байығанын көрсетуіміз керек.
 
«Astana Ballet» театрының әлемдік турне аясындағы гастролі Алматыдан соң Шымкент, Тараз қалалары мен Франция, Австрия, Ресей, Түркия, Корея секілді шетелдерде жалғасады. Өнер ұжымы репертуарын кеңейтіп, қазақтың ұлттық би өнерін жаңа заман тілінде әлемге танытпақ. Қазір сол мақсатпен  ізденіс үстінде.
 
Тоғжан  ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу