Әлемдік пандемия «Air Astana» компаниясына қалай әсер етті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік пандемия «Air Astana» компаниясына қалай әсер етті?

12.12.2021

Жақында «Air Astana» паркі жетіншіAirbus ұшағымен толықты. Гамбург қаласындағы зауыттан шыққан су жаңа әуе көлігі Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды.

Бұл ұшақ Пхукет, Мальдив аралдары, Дубай, Франкфурт, Лондон, Ыстамбұл сияқты танымал бағыттарға жолаушы тасымалдайды. Сондай-ақ әуе паркін жаңа 3 ұшақпен толықтыру жоспары бар.

Алматы

Әлемдік пандемия 20 жылдан бері үздік қызмет көрсетіп, отандық көлік инфрақұрылымында айрықша орны бар «Air Astana»-ны да айналып өтпеді. Дегенмен, халықаралық талаптарға сүйенетін әуе компаниясы сын-қатерлерге төтеп берді. Дер кезінде салмақты, стратегиялық маңызы зор шешімдер қабылдай білді.

Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының президенті:

Әуе компаниялардың көпшілігі мыңдаған қызметкерін жұмыстан шығаруға мәжбүр болды. Біз ондай қадамға бармадық. Қазақстанда «Қарапайым» деген түсінік бар. Оған сәйкес қызметкерлер жалақысының 50 пайызын сақтап, сол жүйеге көштік. Ал рейстер қайта жандана бастағанда, мамандарымызбірден жұмысына кірісті.

«Air Astana»-ға Қазақстан Үкіметі де қолдау көрсетті. Әуе компаниясының тығырықтан шығып қана қоймай, пандемия кезінде табысты болуына «FlyArystan» лоукостері үлкен сеп болды. Уақытша жабылған халықаралық бағыттардың орнына ішкі рейстер көбейді. Қолжетімді баға ұсынып, сапалы қызмет көрсетуге ұмтылды. Әлем бойынша ең арзан тарифтердің бірін ұсынатын «FlyArystan» 3 жыл ішінде 5 млн жолаушыны 60-тан астам бағытта тасымалдады. 

Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының президенті:

«FlyArystan» жоғары қарқынмен дамиды деп ойлаймыз. Халықтың сұранысы жоғары. Біз жыл сайын жаңа ұшақтармен толығып, ең жас әуе паркі атанып отырмыз. Қазір әуе көліктерінің орташа қолданылу мерзімі - 4 жыл.

Бүгінде «Air Astana» компаниялар тобының паркінде Boeing, Airbus-тың ең озық әрі соңғы үлгідегі 36 ұшағы бар. Оның 10-ы «FlyArystan»-ға тиесілі. 2025 жылдың аяғына қарай «Air Astana» ұшақтарының санын 30-ға, ал «FlyArystan»-дікін 25-ке жеткізу жоспарланған.

2021 жылдың 9 айында әуе компаниясы 5 млн-ға жуық жолаушы тасымалдады. Бұл былтырғы дәл осы кезеңімен салыстырғанда, 89 пайызға көп. Ал осы уақыт аралығындағы операциялық кірісі 548,36 млн. АҚШ долларына тең. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 91 процентке көп табыс.

Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының президенті:

Әр жетістігіміздің артында ұжымдық рух тұр. Мен үшін Қазақстанда тұрып, осы мемлекетке қалтқысыз қызмет ету - зор мәртебе. Ел үшін мерейлі мереке - тәуелсіздіктің 30 жылдығы келе жатыр. Еңбек еткен 16 жылымда «Air Astana» әуе компаниясының ғана емес, тұтас мемлекеттің қарыштап дамуына, өсіп-өркендеуіне куә болдым.

Қанатын кеңге жайып келе жатқан «Air Astana» қандай сын-қатерлер болмасын, қатаң қағидаттарын, бағдарын берік ұстанбақ. Басты басымдық - миллиондаған жолаушының қауіпсіздігі мен сәтті сапары.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу