Түркістан облысында қуаңшылықтан тірлігі тұралаған шаруаларға үстеме қайтарымы аз несие беріле бастады. Бұл қаржы малшыларға қорасындағы төрт түлігін қыстан аман алып шығуы үшін бөлінді. Жазда жарытып шөп жинай алмаған шаруаларға енді жем сатып алуына жағдай жасалып отыр.
Ғани Қалмахан, тілші:
Қыстың күні мынадай бір бума шөп небәрі 10 шақты қойды азықтандыруға жетеді. Қазір мұнің бағасы 1 жарым мың теңге. Қорасында 100 шақты қой-ешкісі бар шаруа биылғы қуаңшылықтың бір күнінде 25-30 мың теңгеге шығындануға мәжбүр.
Мына қойлар қыркүйектен бері жайылымға шыққан жоқ. Өйткені төңіректе ауызға ілінер қылтанақ таппайды. Нарынбай Мырзасейітов амалсыз күнде осылай қолмен шөп шашып шығады. Содан мал біткен кешке дейін қораның маңын шиырлап жүргені. Осындай қиын шақта мемлекет тарапынан қайтарымы жеңіл қарыз ақшаның берілгені шаруаның еңсесін тіктеді. 1 миллион теңгеге қыста құнарлы азық болатын жем сатып алды.
Нарынбай Мырзасейітов, шаруа:
Пайызы өте арзан. Жылына 1 миллион алсақ, 60 мың қосып береді екенбіз. Оны келесі жылы төлмен жауып тастауға мүмкіндік беріп тұр.
Ал малы көп ірі шаруашылықтар жаз бітпей жатып, өрісін тастап кетті. Дария мен су қоймаларының жағалауына көшіп барып, малдың жайын істеп жүр. Әкімдік ұлттық парктердің аумағынан да жайылым жер қарастырып берді.
Жаппар Әлтеев, шаруа:
1 сентябрде әкеткенбіз. Содан әлі тоғайға жайып жүрміз. Ол жаққа айдамасақ күніне 50 пресс шөп шашуымыз керек. Есептей беріңіз. Әрекетке берекет осы жердегі халықтың алды Жетісайға, Қазығұртқа, Көксарайға кетті. Суармалы жерге жайып жатыр.
Несие шаруаларға қараша айынан бастап беріле бастады. Бүгінге дейін Келес ауданында 54 қожалық микро қаржы ұйымына өтінім берген. Оның 15-і сұраған ақшаларын алып, қыстың қамына кірісті.
Әзімхан Құрал, Келес ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:
Шарттары кепілдік қорасы болса, нақты мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға береміз. Өтініш тастап жатқандар көп. Алдағы уақтта тағы да жалғасады.
Келес ауданында өзгелерден гөрі қуаңшылықтан қиналып жатқан Бірлік, Бозай мен Жамбыл ауыл округіндегі елді мекеннің малшылары. Аймақта 600-ден астам шаруа қожалығы бар. 12 мыңдай отбасы үйінде мал ұстайды. Мамандардың есебі бойынша төрт түліктің азығына 14 мың тонна жем-шөп қажет.
Ғани Қалмахан