«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты», - деп басталады Ақ Орданың баспасөз қызметі бейсенбі кешкісін таратқан ақпар. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам.
Сонымен Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
Иә,1 қаңтардан бастап зейнетақы қорында қалуы тиіс ақшаның көлемі екі есеге жуық көтеріледі деп бір-ақ ай қалғанда хабарланғаннан кейін зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланып үлгермеген адамдар абдырап қалған. Сосын ашуға мініп, наразы екендерін тоқтаусыз жазды. Бұған параллель зейнетақымды пайдаланамын деп, бір аптада 170 мың адам өтініш берген.
Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі берген комментарийлер түкке тұрғысыз болып шықты. Тіпті соңғысы түсіндірмеде өрескел қате жібергенін мойындады. Президенттің бейсенбіде берген пәрмені – түрлі себеппен салымын пайдаланып үлгермегендердің өкіметке деген сеніміне «майлы нүкте» қойғызбау әрекеті.
Иә, есепшотта қалуы тиіс ақшаның бәрібір өсетіні ескертілді. Шектің өсуі жалақысы мардымсыз адамдардың үмітін сағымға айналдырады. Алайда шекті сарт еткізіп екі есеге дейін көтеру деген бәрібір дұрыс емес. Сенатор Нұрлан Қылышбаев премьер-министр Асқар Маминге жолдаған сауалында әдісті қайта қарауды ұсынды. Ол есепке төменгі жалақының өсімін емес, жылдық инфляция деңгейін алуға үндейді. Содан асырмауға.
Ал жұмада Отбасы банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова зейнетақы салымындағы ақшаны Отбасы банкіне депозитке салу рәсімі 16 желтоқсаннан басталатынын хабарлады. Алдында келесі жылы деген. Ибрагимова желтоқсанның 16-нан бастап төрт күнге созылатын демалыста арнайы есепшот пен депозит ашуға мүмкіндік беріледі. Жерлестеріміз мерекелік дастархан басында ноутбук немесе компьютер арқылы зейнетақы салымын Отбасы банкке депозитке аудара алады. Тек enpf-otbasy.kz платформасында орындаңыздар деген. Ақпараттық қауіпсіздік үшін платформа тек планшет немесе стационарлық компьютерлерге есептелген.
Мәжіліс депутаттары тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, қарызға батқан адамдарға рақымшылық жасауды ұсынып, вице-премьер Әлихан Смайыловқа сауал жолдады. Жұрттың банктерге берешегі күн сайын өсіп барады. Халықтың 27 пайызында несие бар. Ипотекалық қарыз 3 триллиондай, ал тұтынушылық несие 5 триллион теңгеден асады. Мерзімі өткен берешек 199 миллиард теңге. Депутаттар осы қарызын төлей алмай жүргендерге рақымшылық жасау керек деп, сонымен бірге жеке тұлғалардың банкроттығы туралы мәселені тағы көтерді. 10 жылдай болған, «иә, иә» дегенмен, Үкімет соны істемей отыр.