Ақтау теңізінің портына миллионыншы транзиттік контейнер тиелген пойыз келіп тоқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау теңізінің портына миллионыншы транзиттік контейнер тиелген пойыз келіп тоқтады

10.12.2021

Ақтау теңіз портына миллионыншы транзиттік контейнер тиелген пойыз кеп тоқтады. Ол Қытайдың Сиань қаласынан шығып, Қазақстанның Алтынкөл шекара бекеті арқылы Ақтау портына жеткен. Миллионыншы транзиттік контейнер әрі қарай теңіз арқылы Түркияның Мерсин қаласына жөнелтіледі.

Миллионыншы контейнерге халық тұтынатын тауарлар тиелген. Егер Қытай жағы бұл жүкті Қазақстан арқылы емес, басқа жолмен тасымалдаса, оған 30 күннен артық уақыт кетер еді. Еліміздің транзиттік әлеуетінің артуының арқасында контейнер барар жеріне 17 тәулікте жеткізілмек.

Айбек Қапар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Бас директорының логистика жөніндегі орынбасары:

2010 жылдан бастап Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдар тұрақты түрде қарқын алып, контейнерлік және мультимодальдық сервистер сегменті үздіксіз дамып келеді. Біз экспортты барынша көбейтіп, контейнерлік тасымалдар географиясын әртараптандыруды жалғастыра береміз.

Мультимодальдық транзиттік тасымалда көліктің бірнеше түрі пайдаланылады. Мұнда жүктің діттеген жерге жылдам әрі дінаман жеткізілуіне басымдық беріледі. Бүгінде шойын жол арқылы Қытай, ТМД елдері және Орта Азия бағытында логистикалық тасымал тізбектері пысықталып, ол табысты нәтиже бере бастады.

Абай Түрікпенбаев,  Ақтау теңіз сауда-портының президенті:

Миллионыншы жүк контейнері Қазақстанның транзиттік әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Оған қоса контейнерлерді тасымалдаудың мультимодальдық тізбегі бойынша сервистер үйлесімділігінің айқын көрінісі.

Қазақстан үшін негізгі транзиттік дәліз – Қытай-Еуропа-Қытай бағыты. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық бағытының келешегі зор. Арна жылдан-жылға еліміздің көліктік және экспорттық мүмкіндігін арттырып келеді.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу